Тоқаев пен Путин қол қойған Декларацияның толық мәтіні жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге мемлекеттік сапары аясында қол қойылған Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастарды жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейіне көшіру туралы Декларацияның мәтіні жарияланды.
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мемлекетаралық қатынастарын жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейіне шығару туралы Декларация
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2025 жылғы 12 қарашада Ресей Федерациясына жасаған алғашқы мемлекеттік сапарының қорытындылары бойынша,
- 1992 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарттың, 1998 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ХХІ ғасырға бағдарланған мәңгілік достық пен одақтастық туралы Декларацияның, сондай-ақ 2013 жылғы 11 қарашадағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарттың ережелеріне қатаң сәйкестікте әрекет етіп,
- Қазақстан Республикасының Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің ХХІ ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 10 жыл толуына орай 2023 жылғы 9 қарашадағы бірлескен мәлімдемесінің және Қазақстан Республикасы Президенті мен Ресей Федерациясы Президентінің Жаңа жаһандық тәртіп жағдайында стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы 2024 жылғы 27 қарашадағы бірлескен мәлімдемесінің ұзақ мерзімді бағдарларына сүйеніп,
- Қазақстан-Ресей диалогына тән өзара түсіністік, тең құқықтылық пен сенімнің айрықша ахуалын ерекше атап көрсетіп,
- өзара қолдауға және ортақ тарихты, егемендік пен аумақтық тұтастықты, дербес ішкі және сыртқы саясатты, мәдени бірегейлікті құрметтеуге негізделген ғасырлар бойғы достық пен одақтастықтың мызғымастығын растап,
- жаһандық сын-қатерлер мен қауіптер жағдайында, сондай-ақ ішкі саяси тұрақсыздықты тудыруға бағытталған кез келген әрекеттерге қарсы тұруда бірін-бірі қолдауға деген шешімдерін мәлімдеп,
- саяси, экономикалық және гуманитарлық салаларда, қорғаныс пен қауіпсіздік бағыттарында іс жүзіндегі өзара іс-қимылдың тұрақты жоғары серпінін құптап,
- көп жоспарлы екіжақты қатынастар мен көпжақты форматтағы ынтымақтастықтың барлық кешенін одан әрі дамыту, оларды екі мемлекеттің өркендеуі мен бейбіт болашағы үшін неғұрлым жоғары деңгейге шығару, ортақ өңірде және тұтас Еуразияда қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту мүддесінде,
мынадай мазмұнды қамтитын одақтастық қатынастар шеңберінде өзара жан-жақты стратегиялық әріптестікті орнатқанын ЖАРИЯЛАЙДЫ:
I. Саясат пен қауіпсіздік саласында
1. Тараптар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы артықшылық берілген қатынастардың мызғымастығының кепілі ретінде барлық деңгейдегі саяси байланыстарды, мемлекеттер көшбасшыларының, үкіметтер басшыларының, орталық және өңірлік билік органдары басшыларының сенімді диалогін, қарқынды парламентаралық және қоғамдық байланыстардың жоғары серпінін қолдайды.
2. Тараптар Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Жарғысында бекітілген барлық мақсаттар мен қағидаттарды қоса алғанда, халықаралық құқық нормаларын сақтауға негізделген неғұрлым өкілдікті және әділ көпполярлы әлемдік тәртіп орнату мақсатына бейілділігін сақтайды.
3. Тараптар мемлекеттер мен олардың бірлестіктерінің өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуі басқалардың қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеуге тиіс екендігіне сүйене отырып, орнықты халықаралық қауіпсіздік мүддесінде тығыз ынтымақтасады. Еуразия құрлығында тең және біртұтас қауіпсіздіктің сенімді архитектурасын қалыптастыру Тараптардың іргелі мүдделеріне сай келеді. Оның жүйе құраушы элементтеріне Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ), Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД), Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес жатады.
4. Тараптар ҰҚШҰ-ның өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі негізгі рөлін растайды және осы Ұйымның, оның ішінде оған алдағы 2026 жылы Ресей Федерациясының төрағалық етуі шеңберінде оның әлеуетін одан әрі арттыруға ұмтылысын ерекше атап көрсетеді. Тараптар ҰҚШҰ-ның дағдарысқа ден қою тетіктерін жетілдіруге, ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының жауынгерлік қабілетін арттыруға, заманауи сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы өзара іс-қимылды тереңдетуге ықпал ететін болады.
5. Тараптар 1968 жылғы 1 шілдедегі Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) режимін нығайтудың баламасыздығын растайды және Шарттың тұтастығы мен орнықтылығын қамтамасыз ету, оны конъюктуралық мүдделер үшін пайдалануға жол бермеу бойынша үйлестірілген күш-жігер жұмсайтын болады. Тараптар халықаралық деңгейде танылған, ядролық қарудан азат аймақтар ретінде халықаралық және өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтатынын, осы Келісімнің режимін күшейтетінін сенімді растайды. Осы тұрғыда Тараптар 2006 жылғы 8 қыркүйектегі Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарттың (Семей шартының) – Солтүстік жарты шардағы жалғыз осындай аймақтың маңызды рөлін атап өтті.
6. Тараптар биологиялық қауіпсіздік саласындағы, оның ішінде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі шеңберінде ынтымақтастықты дамытуға және Бактериологиялық (биологиялық) және уытты қарулар жасауға, өндіруге және оның қорларын жинақтауға тыйым салу және оларды жою туралы конвенцияның режимін нығайту жөніндегі бастамаларды өзара қолдауға ниетті.
7. Тараптар халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті; БҰҰ-ның халықаралық ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін талқылаудағы басты рөлін ерекше атап өтеді; 2026 жылы БҰҰ-да халықаралық қауіпсіздік тұрғысында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жетістіктер жөніндегі дүниежүзілік тетікті құру және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану саласында мемлекеттердің жауапты болу тәртібін ілгерілету туралы уағдаластықты құптайды; осы тетік шеңберінде халықаралық ақпараттық қауіпсіздік саласында әмбебап құқықтық тұрғыдан міндеттейтін нормаларды әзірлеудің қажеттілігін айрықша атап өтеді; 2024 жылғы 24 желтоқсандағы БҰҰ-ның киберқылмысқа қарсы конвенциясының күшіне енуін жеделдету, сондай-ақ аталған Конвенцияға қосымша хаттама әзірлеу арқылы ақпараттық қылмысқа қарсы күрес тетіктерін жетілдіру үшін күш-жігер жұмсауға шақырады. Мемлекеттердің ішкі істеріне араласу, сондай-ақ диверсиялық-лаңкестік мақсатта ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану әрекеттеріне жол берілмеуі тиіс деп санайды; жасанды интеллект технологияларын әзірлеушілердің егемендік пен ұлттық заңнаманы қатаң сақтауын қамтамасыз ету қажеттілігіне ерекше назар аудара отырып, БҰҰ-ның осы тақырыпты талқылаудағы орталық рөлін қолдайды.
8. Тараптар үшін Каспий теңізінде Тараптарға тиесілі емес қарулы күштердің болмауын, бір-бірінің қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеуді, Каспий маңы мемлекеттерінің өз аумақтарын басқа мемлекеттерге Тараптардың кез келгеніне қарсы басқыншылық және басқа да әскери іс-қимылдар жасау үшін бермеуін, Каспий теңізін бейбіт мақсаттарда пайдалануды, Каспий теңізіне байланысты барлық мәселелерді бейбіт құралдармен шешуді қоса алғанда, 2018 жылғы 12 тамыздағы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияда баяндалған Каспий маңы мемлекеттері ынтымақтастығы қағидаттарының құндылығы бұлжымайтын күйде қалады.
9. Каспий теңізі деңгейінің өзгеруін назарға ала отырып, Тараптар барлық Каспий маңы мемлекеттерінің қатысуымен оның су ресурстарын сақтау жөніндегі ынтымақтастыққа мүдделі екенін растайды. Тараптар Каспий маңы мемлекеттерінің тиісті мемлекетаралық бағдарламасын әзірлеу жөніндегі Қазақстан Республикасының бастамасына ерекше мән береді.
10. Қазақстан Республикасында Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құрылғанын өзара тиімді, ұзақ мерзімді және жалпы өңірлік орнықты даму жобаларын ілгерілету үшін перспективалық алаң ретінде құптады.
11. Тараптар қаруды ғарышта орналастырудың және ғарыш объектілеріне қатысты күш қолданудың немесе күшпен қатер төндірудің алдын алу, сондай-ақ қаруды ғарышта бірінші болып орналастырмау жөніндегі саяси міндеттемені қабылдау бастамасын ілгерілету үшін бірлесіп күш-жігер жұмсауды жалғастырады.
II. Экономикалық ынтымақтастық және интеграция саласында
12. Тараптар қатысушы мемлекеттер арасындағы сауда қатынастарын ырықтандыруды, көлік-логистикалық инфрақұрылымды бірлесіп дамытуды және экономикалық өзара іс-қимылдың өзге де мәселелерін қоса алғанда, оның ішінде Үлкен Еуразиялық әріптестік идеясы шеңберінде еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық процестерді ұштастыру мәселелері бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайын.
Тараптар Еуразиялық экономикалық одақтың өсіп келе жатқан халықаралық беделін атап өтіп, 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес ортақ нарықтарды дамытуды және ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеттерін, оның ішінде 2026 жылы Қазақстан Республикасының Одақта төрағалық етуі шеңберінде бірлесіп шешуді жалғастырады.
Тараптар ТМД-ны кең ауқымды кооперация үшін маңызды интеграциялық алаң ретінде қарастырады. Тараптар Достастық шеңберінде өзара іс-қимылды дамыту мен тереңдетуді қолдайды және жаһандық әрі өңірлік ынтымақтастық процестеріне елеулі үлес қосатын беделді халықаралық ұйым ретінде алдағы уақытта оның әлеуетін нығайту бойынша бірлескен жұмысқа дайын екендіктерін білдіреді.
13. Тараптар сауда-экономикалық, өнеркәсіптік, энергетикалық, қаржылық және инфрақұрылымдық ынтымақтастықтың, ауыл шаруашылығы мен азық-түлік кооперациясының әлеуетін толығырақ ашады. Сауда құрылымын әртараптандыруды, оны қазіргі геосаяси жағдайларға бейімдеуді, өзара сауда және транзит кезінде тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қозғалысына шамадан тыс кедергілерді болдырмауды, «іркіліссіз» көлік-логистикалық кеңістік құруды, экономикаларды цифрландыруды, техникалық реттеуді жетілдіруді, өзара іс-қимыл үшін жаңа салалар іздеуді жалғастырады.
14. Тараптар өзара сауданы дамыту мен халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға бағытталған шаралар арасындағы оңтайлы теңгерімге қол жеткізу жөніндегі міндеттерді басшылыққа ала отырып, экспорттық бақылау саласындағы өзара іс-қимылды дәйекті түрде арттыратын болады.
15. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әлемдегі ең ұзын құрлықтағы шекараны назарға ала отырып, Тараптар өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығын мемлекетаралық қатынастарды нығайту үшін бірегей құрал ретінде пайдаланатын болады.
16. Биылғы жылы 2005 жылғы 18 қаңтардағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағышарттың 20 жылдығын атап өту аясында Тараптар екі мемлекеттің егемендігі пен аумақтық тұтастығына деген өзара сенім мен құрмет тұрғысынан аталған құжаттың іргелі және терең символдық мәнін айрықша атап өтеді.
17. Тараптар қаржы саласындағы ынтымақтастықты, оның ішінде өзара есеп айырысуда ұлттық валюталарды пайдалануды кеңейтуге және төлем инфрақұрылымдарын дамытуға бағытталған ынтымақтастықты одан әрі нығайтатын болады.
18. Тараптар мемлекеттердің иммунитеттеріне және олардың меншігіне, оның ішінде егеменді резервтерге қатысты халықаралық міндеттемелер бұлжытпай сақталуы тиіс екенін растайды.
19. Тараптар тұрақты, саяси конъюктураға ұшырамайтын халықаралық көлік дәліздерін қалыптастырудың, экономикалық егемендікті қамтамасыз ететін логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту мен кеңейтудің маңыздылығын мойындайды.
Тараптар ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі ретінде өңірлік өзара байланысты нығайтуға және неғұрлым тиімді, сенімді және қауіпсіз жеткізу тізбектері есебінен жүктер ағынын әртараптандыруға мүмкіндік беретін біртұтас еуразиялық көлік-логистикалық құрылым құру екенін растайды. «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің өткізу қабілетін арттыру және оны өңірдегі басқа да көлік күре жолдарымен ұштастыру бойынша күш-жігер ерекше маңызға ие болады.
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы көліктік байланысты нығайту мақсатында Тараптар жаңа халықаралық көлік дәліздерін қалыптастыру және қолданыстағы халықаралық көлік дәліздерін, атап айтқанда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» бағытын жаңарту бойынша ынтымақтастықты жалғастырады. Сондай-ақ трансшекаралық логистикалық инфрақұрылымды жақсартуға, оның ішінде заманауи цифрлық шешімдерді қолдана отырып, Қазақстан-Ресей Мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерін реконструкциялауға және жетілдіруге ерекше назар аударылатын болады. Тараптар Еуразиялық «Алтай» өңірінің әлеуетін дамытуға бағытталған «Трансалтай диалогі» бастамасы шеңберінде өзара іс-қимыл жасайтын болады.
20. Тараптар мұнай мен мұнай өнімдерін, табиғи газды, көмір мен электр энергиясын өндіруді, тасымалдауды және жеткізуді қамтитын энергетика саласындағы әріптестікті нығайтуды жалғастырады. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының экономикалық және энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Тараптар энергия ресурстарын кедергісіз тасымалдауға, барлау және жаңа кен орындарын игеру салаларындағы жобаларды қоса алғанда, бірлескен энергетикалық жобаларды іске асыруды, экономикалардың энергиялық тиімділігін арттыру үшін жағдайлар жасауды жалғастырады.
21. Газ саласындағы ынтымақтастыққа, оның ішінде газды үшінші елдерге тасымалдау мәселелеріне, сондай-ақ аса маңызды трансшекаралық энергетикалық инфрақұрылымды берік қорғауды қамтатамсыз етуге ерекше назар аударылады.
Тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың басым бағыттарының бірі ретінде Қазақстан Республикасының солтүстік және шығыс өңірлерін газбен қамтамасыз ету жөніндегі жобаны уақтылы және сапалы іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
Тараптар өңірдегі энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуде және экономикалық ынтымақтастықты дамытуда шешуші рөл атқаратын Каспий Құбыржол консорциумының үздіксіз және орнықты жұмыс істеуін қолдайды.
22. Тараптар денсаулық сақтау, медицина және фармацевтика қызметкерлерін кәсіби даярлау мен олардың біліктілігін арттыру, ғылыми қызметті жандандыру, оның ішінде жасанды интеллектіні қолдану, медицина және фармацевтика өнеркәсібін дамыту, сондай-ақ медициналық көмекті ұйымдастыруды жетілдіру салаларындағы ынтымақтастықты жалғастырудың маңыздылығын растайды.
III. Ғылымды қажет ететін озық салаларда
23. Тараптар парниктік газдар шығарындыларының төмен деңгейімен әлеуметтік-экономикалық дамуға және әділ әрі теңгерімді энергиялық ауысуды ілгерілетуге бағдарланады. Бұл ретте парниктік газдар шығарындыларын азайту процесі әрбір елдің ерекшелігі, оның табиғи-климаттық ерекшеліктері мен ұлттық мүдделері ескеріле отырып жүзеге асырылуы тиіс екеніне сүйене отырып, барлық энергия көздерін (қазба отындары, жаңартылатын энергия көздері, гидроэнергетика, атом және сутегі энергетикасы) пайдалана отырып, әлеуметтік-экономикалық даму саласын қоса алғанда, әртараптандырылған энергия теңгеріміне құқық дәйекті түрде қорғалады. Технологиялық бейтараптық, халықаралық қаржыландыру көздеріне кемсітусіз қол жеткізу және энергетикалық технологияларды өзара тиімді шарттармен кедергісіз беру қағидаттары аса маңызды болып қала береді.
Осы тұрғыда Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасының атом энергетикасының ұлттық саласын құруда сенімді әріптес болады және Қазақстан Республикасында алғашқы атом электр станциясын салу жөніндегі халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде өз міндеттемелерін толық көлемде орындайды.
24. Тараптар екіжақты уағдаластықтар мен өздері қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға тиісті назар аудара отырып, қоршаған ортаны қорғау және табиғатты ұтымды пайдалану саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті.
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының шекара маңы аумақтарындағы бірегей табиғи экожүйелерін сақтау мақсатында трансшекаралық су объектілерін орнықты басқару, трансшекаралық ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесін дамыту мен биологиялық әртүрлілікті сақтау, табиғи апаттардың алдын алу және қауіп-қатерін азайту жөніндегі бірлескен қызмет жалғастырылатын болады.
25. Тараптар халықаралық өндірістік-өткізу тізбектерін құруға сүйене отырып, энергиялық ауысу үшін қажетті аса маңызды шикізат материалдары саласындағы іс жүзіндегі өзара іс-қимылды жалғастырады.
26. Цифрлық саланы дамытудың ұлттық стратегиялары негізінде үйлесімді өзара іс-қимыл шеңберінде Тараптар мемлекеттік басқару, кедендік және салықтық әкімшілендіруді цифрландыру саласындағы озық практикалармен алмасатын болады.
27. Ресей тарапы Қазақстан Республикасының Азия және Тынық мұхит өңіріне арналған БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік комиссиясы қамқорлығымен цифрлық шешімдер орталығын құру жөніндегі бастамасына оң көзқарас білдіреді және аталған орталықты құрудың әрі оның мандатының өзара тиімді параметрлерін келісу, сондай-ақ оның кейінгі қызметі бойынша осы алаңда Қазақстан тарапымен бірлесіп жұмыс істеуге дайын.
28. Адамзаттың ғылыми-техникалық прогресіне қосқан үлесі баға жетпес Байқоңыр ғарыш айлағының 70 жылдығына орай Тараптар ғарыш кеңістігін зерттеу және бейбіт мақсатта пайдалану, Қазақстан Республикасының ұлттық ғарыш бағдарламасын жасау мақсатында осы объектіде ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға ниетті.
ІV. Гуманитарлық салада
29. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында Тараптар сол кездегі оқиғалар мен КСРО халықтарының әлемді нацизмнен құтқаруға қосқан ерлік үлесі туралы тарихи фактілерді бірлесе зерделейтін болады.
Тараптар келешек ұрпақтарда ортақ тарихымыз туралы объективті көзқарас қалыптастырудағы білім беру жүйесінің шешуші рөлін атап өтеді. Жалпы тарихқа ақылға қонымды көзқарас қалыптастыру және ұрпақтарды соғыстардан қорғау – біздің халықтарымыздың қасиетті парызы.
30. Тараптар Қазақстан мен Ресей тарихшыларының бірлескен жұмыс тобы, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің тарихшылары мен архив қызметкерлерінің халықаралық қауымдастығы (комиссиясы) шеңберінде және өзге де екіжақты және көпжақты алаңдарда тарихшылар, архив қызметкерлері, іздестіру жасақтары, волонтерлер мен жастар қозғалыстарының өзара іс-қимылын жалғастырады.
31. Тараптар екі ел азаматтарының бір-бірінің аумағында болу шарттарын одан әрі жетілдіруге бағытталған ұмтылысын растап, көші-қон саласындағы сындарлы өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.
32. Тараптар Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымның құрылуын құптай отырып, оның қызметіне жәрдемдесетін болады және осыған барлық мүдделі мемлекеттерді шақырады.
Тараптар ТМД кеңістігінде мемлекетаралық қатынастар тілі ретінде орыс тілін қолдауға және ілгерілетуге жәрдемдесетін болады.
33. Тараптар білім беру және кадрлар даярлау саласында тығыз ынтымақтастықты жалғастырады, ғылыми диалогті дәйекті түрде дамытатын болады.
34. Мәдени-гуманитарлық байланыстар – одан әрі қарай көбейе беретін заманауи әлемнің мәдени алуан түрлілігіне Тараптардың құрметіне негізделген бірегей игілік. Бұл іргетас негізінде екі бауырлас халықтың өткенін, дәстүрлері мен мәдениетін тереңірек түсінуге, жақын рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде олардың өзара байытылуына, түркілер мен славяндардың өркениеттік бірлігіне, «Ұлы Дала мен ежелгі Русь» бауырластығына, дәстүрлі ислам мен православие одағына ықпал етуге мүмкіндік беретін диалог жан-жақты ынталандырылады.
35. Тараптар екі мемлекеттің және халықтардың достық пен одақтастыққа негізделген болашағына ортақ ұмтылысын көрсететін Астанадағы Қазақстан мен Ресейдің Мәңгілік достық аллеясы мен Мәскеудегі Қазақстан мен Ресейдің Достық скверінің ашылуын құптайды.
36. Музейлер, кітапханалар, театрлар, көркем галереялар және басқа да мәдениет мекемелері, сондай-ақ шығармашылық кәсіп өкілдері, әдеби және көркем бірлестіктер, кинематографистер арасында алмасулар жалғасатын болады. Тікелей адамаралық қарым-қатынасқа елеулі үлес қосатын халықаралық мәдени, білім беру, ғылыми, жастар форумдары мен фестивальдерінің, жалпы спорттық іс-шаралардың жағымды рөлі атап өтіледі.
37. Тараптар 1998 жылғы 12 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы ақпараттық-мәдени орталықтарды құру және олардың қызмет жағдайлары туралы келісімді іске асыру шеңберінде жүзеге асырылатын өзара іс-қимылды құптайды.
38. Тараптар халықаралық гуманитарлық ынтымақтастықты саясиландыруға, мәдениет, ғылым мен спорт қайраткерлерін қандай да бір негізде кемсітуге жол берілмейді деп есептейді. Тараптар кемсітушілікті болғызбайтын ашық және құрметке негізделген мәдениетаралық диалогті дамытуды бірлесіп жақтайтын болады.
39. Тараптар Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының өңірлерінде екі елдің білім беру стандарттарын ескеріп, қазақстандық-ресейлік және ресейлік-қазақстандық жалпы білім беретін ұйымдар (мектептер) ашуға мүдделі екенін растайды.
40. Тараптар Омбы қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің және Астана қаласында Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты (Университет) филиалдарының ашылуын білім беру байланыстарын нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде құптайды.
41. Тараптар Қазақстан Республикасында спортты, технологияларды және жастардың өзара іс-қимылын біріктіру алаңы ретінде «Болашақ ойындары» халықаралық мультиспорттық турнирін өткізуді қолдайды.
42. Тараптар Мәскеу қ. Қазақстанның Ресейдегі Мәдениет күндерін өткізуін жоғары бағалайды және мәдени өзара іс-қимылдың осы форматын іске асыруды жалғастыру ниетін білдіреді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті В.В. Путин болашаққа бағытталған жоғарыда баяндалған мақсаттар мен міндеттерді іске асыру Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі нығайту мүддесінде екі бауырлас халықтың достығы мен ынтымақтастығының берік іргетасына айналатынына кәміл сенеді.