Тоқаев пен Рахмон Астанада Тәжікстан елшілігінің жаңа ғимаратын ашты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Тәжікстан президенттері Астанадағы Анатолий Храпатый көшесінде орналасқан Тәжікстан елшілігінің жаңа ғимаратын салтанатты түрде ашты. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.
Қазақстан мен Тәжікстан президенттері Астана қаласындағы Анатолий Храпатый көшесінде орналасқан Тәжікстан елшілігі жаңа ғимаратының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон рәсімдік лентаны қиды. Содан соң Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік әнұрандарын орындады.
Мемлекеттер басшыларына Тәжікстан елшілігінің ғимараты туралы ақпарат беретін бейнеролик көрсетілді. Содан кейін олар дипломатиялық өкілдікті аралап көрді.
Қазақстан Президенті Құрметті қонақтар кітабына ізгі тілегін жазды.
Екі елдің көшбасшылары елшілік аумағына ағаш көшетін екті.
Еске сала кетейік, 5-7 қараша күндері Мемлекет басшысының шақыруымен елімізге Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның ресми сапары өтті.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев барлық бағытта оң динамика көрсетіп келе жатқан қазақ-тәжік қарым-қатынасының даму деңгейін жоғары бағалаған еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Тәжікстанның ең ірі сауда серіктестерінің үштігіне енгенін мәлім етті.
Сондай-ақ Эмомали Рахмон Қазақстанмен сауда көлемі бір жылда 26 пайызға өскенін айтты.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президентін Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттады.
Қазақстан мен Тәжікстан сауда айналымын арттыру, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және ЖИ салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтеді. Ақордада өткен жоғары деңгейдегі келіссөздер қорытындысы бойынша екі елдің ресми делегациялары үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейде 14 құжатқа қол қойды.
Қазақстан мен Тәжікстан тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жол картасын қабылдады.
Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы авто және теміржол арқылы жүк транзитінің көлемі былтыр 7 миллион тоннаға жуықтады.
Сондай-ақ Қазақстан Тәжікстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне кандидатурасын қолдайтынын жеткізді.