Тоқаев словактарды Транскаспий дәлізін дамыту жобасына қатысуға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Словакияның су ресурстарын басқару ісіндегі озық тәжірибесін зерделеп, бірлесе жұмыс істеуге дайын. Бұл туралы Словакия Премьер-министрі Роберт Фицомен келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтуді қолдайды — Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда

- Біз келіссөздер барысында Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін бірге пайдалану жайын талқыладық. Бұл стратегиялық маңызы бар сауда жолының бірі. Мен словакиялық серіктестерімізді осы дәліздің дамыту жобасына қатысуға шақырдым. Бұл саладағы ықпалдастық өзара сауда-саттыққа тың серпін беруге тиіс, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мәртебелі мейманмен келіссөз барысында Словакияның су ресурстарын басқару ісіндегі озық тәжірибесін зерделеп, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенімізді жеткізгенін айтты.

- Біз мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтудың маңызды екеніне тоқталдық. Словакияда еңбек етіп жүрген Қазақстан азаматтарының әлеуметтік жағдайына және құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аудардық. Сондай-ақ білім саласындағы байланыстарды тереңдету жайын талқыладық. Жастарымыз екі елдің жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Олар біздің халықтарымызды одан ары жақындастыра түседі деп ойлаймын, - деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Словакия Премьер-министрі Роберт Фицомен шағын құрамда келіссөз жүргізгенін жазған едік.

Ал кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Словакия Қазақстанның Еуропалық одақтағы маңызды әрі сенімді серіктесі екенін айтты.

Соңғы жаңалықтар