Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне қатысу үшін «Кулие» сарайына барды
АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 13-ші саммитінің ашылу рәсіміне қатысу үшін «Кулие» сарайына барды. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.
Мемлекет басшысын Түркия Вице-президенті Джевдет Йылмаз қарсы алды.
Еске сала кетейік, кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға ресми сапары басталды.
Түркия Республикасына ресми сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаевты Анкарадағы Президент сарайында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Кейін екі ел басшысы келіссөз жүргізді. Мемлекеттер басшылары мәңгі достық пен кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухындағы екіжақты қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Ал бүгін Қазақстан мен Түркия президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Президенттердің келіссөзі екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен одан әрі жалғасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдің Республика күні қарсаңындағы жүздесу терең символдық мәнге ие екеніне назар аударып, Түркия Президенті мен барша түрік халқын ұлық мерекемен құттықтады.