Тоқаев: Жасанды интеллект ЖІӨ-ге 20 млрд доллар қосуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жағдайында цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу ішкі жалпы өнімге 14 миллиард доллардан 20 миллиард долларға дейін кіріс әкелуі мүмкін екенін айтты.
— Мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын өзгерту керек. Бұл істе жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын тиімді қолданған жөн, — деді Мемлекет басшысы.
Жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы әлемдік экономиканың түбегейлі өзгеруіне әкеп соғады.
— Сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллект 2030 жылға қарай әлемдік ішкі жалпы өнімге 17 триллион доллардан 26 триллион долларға дейін пайда әкеліп, 78 миллион жұмыс орнын аша алады. Ал Қазақстан жағдайында цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу ішкі жалпы өнімге 14 миллиард доллардан 20 миллиард долларға дейін кіріс әкелуі мүмкін. Осындай болжам бар. Бірақ шын мәнінде қалай боларын өмір көрсетеді. Біз тың мүмкіндіктерді барынша пайдалануымыз керек, — деді Президент.
Айта кетелік Президент шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша мән беріп отырғанын айтты.