Тоқаевтың Ақжан атты ақалтекесі аустралиялық журналдың мұқабасына шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ақжан атты ақалтеке Аустралияның жылқы шаруашылығына арналған Hoofbeats журналының мұқабасына шықты. Басылымның жаңа санында сирек түсті сәйгүліктің ерекшелігі мен Қазақстанның жылқы мәдениетіндегі орны туралы жазылған.
Аустралиялық Hoofbeats журналының мұқабында қылаңбоз Ақжанды жемдеп тұрған сәті бейнеленген. Shimmering Aqzhan, яғнм «Жарқыраған Ақжан» деп аталатын мақалада Президенттің жылқыға деген қызығушылығы, Қазақстанның ұлттық мұрасы мен заманауи елордасының нышанына айналғаны сөз болады.
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақжанға ерекше ықылас танытып отыр. Ерекше жаратылған жас жылқының қора сыртында да күтімі мұқият ұйымдастырылып, өзі барған сайын танымал бола түскені қызық көрінеді, — деп жазады басылым.
Ақжан 2025 жылғы 30 наурызда Астанада туған. Ол Президент Іс басқармасының ат қорасындағы жеті ахалтеке жылқысының бірі. Тұлпардың жүні сирек кездесетін изабелла түсті. Мұндай реңк ақалтеке тұқымды жылқылардың шамамен 3 пайызында ғана кездеседі. Ақжанның күнделікті күтімі мен дамуын арнайы бапкерлер, атбегілер және ветеринарлар тобы қадағалайды.
Басылым жас жылқының тағдырын Қазақстанның дамуымен сабақтастырады. Авторлардың айтуынша, Ақжан елдің атбегілік дәстүрінің қазіргі келбетін бейнелеп тұрғандай.
— Ақжан осы байланыстың айрықша әдемі көрінісін танытады. Ол — заманауи шаһарда өмір сүріп жатқан көне тұқымның өкілі. Дала келбетін зәулім ғимараттары бой көтерген қалаға алып келген. Оның болмысы дәстүрлі жылқы өсіру тәжірибесінің жемісі болғанымен, бейнесі заманауи ақпарат құралдары арқылы бүкіл әлемге тарады, — делінген мақалада.
Аустралиялық басылым мақаласын Ақжанның Қазақстанның өткенін сақтай отырып, болашаққа қадам басқан ел екенін танытатыны туралы тұжырыммен аяқтайды.
— Бәлкім ақшыл түсті, ерекше жарқыраған ақалтеке көпшіліктің назарын аударуы да сондықтан шығар. Ақжан өткен мен болашақтың бірін таңдауға мәжбүр болған Қазақстанды емес, екеуін де қатар алып келе жатқан Қазақстанды бейнелейді, — деп жазады журнал.
Hoofbeats — жылқы өсіру, баптау және күтіп-баптау мәселелерін жазатын аустралиялық басылым. Ақжан туралы мақала журналдың 48-томының 3-санында жарияланған.
Мақаланың түпнұсқасын осы жерден оқи аласыздар.