Токио маңында магнитудасы 5,9 болатын жер сілкінісі болды
АСТАНА. KAZINFORM — Жапонияның орталық бөлігінде магнитудасы 5,9 болатын жер сілкінісі тіркелді. Оның эпицентрі Токиоға жақын орналасқан Ибараки префектурасында болған, деп хабарлайды ТАСС.
Жер сілкінісінен болған күшті тербелістер шамамен 20 секундқа созылған. Токиода жиһаздар қозғалып, ыдыс-аяқ құлаған.
Жапонияның ұлттық метеорологиялық басқармасының мәліметінше, жер сілкінісінің ошағы Ибараки префектурасында, 70 шақырым тереңдікте орналасқан. Жер сілкінісінен кейін бірден цунами қаупі жарияланғанымен, бірнеше минуттан соң ескерту алынып тасталды. Жапонияның жеті балдық шкаласы бойынша жер сілкінісінің күші «5-тен төмен» деңгейінде деп бағаланды.
Қазіргі уақытта зардап шеккендер немесе қираған нысандар туралы ақпарат жоқ. Жапониядағы атом нысандарында да қандай да бір төтенше жағдай тіркелмеген.
Күшті жер сілкінісі туралы ескерту жергілікті тұрғындардың ұялы телефондарына жіберіліп, сондай-ақ Токио көшелерінде кеңінен орнатылған дауыс зорайтқыштар арқылы таратылды. Тұрғындарға сабыр сақтап, қажетті сақтық шараларын қабылдау ұсынылды.
Бұған дейін Жапонияның Хатидзедзима аралы жағалауында магнитудасы 5,5 болатын жер сілкінісі болғаны хабарланған.
Kazinform үшін серіктес ТАСС агенттігі ұсынған материал.