Токио Олимпиадасына іріктеу: Су добынан әйелдер құрамасы екінші рет жеңілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Италияның Триест қаласында су добынан Токио Олимпиадасына іріктеу турнирінде Қазақстан әйелдер құрамасы Венгриядан жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Токио Олимпиадасына іріктеу: Су добынан әйелдер құрамасы екінші рет жеңілді

Ойын барысында венгриялық ватерполшы қыздардың басымдығы айқын аңғарылып тұрды.

Бірінші кезеңде венгриялықтар 7:2, одан кейін 6:3 есебімен жеңді.

Үшінші және төртінші кезеңде олар 5:1, 5:0 есебімен тағы да басымдық танытты.

Нәтижесінде Қазақстан құрамасы қарсыласына 6:23 есебімен есе жіберді.

Естеріңізге сала кетелік, қазақстандық ватерполшы қыздар В тобында сынға түсіп жатыр.

Қарсыластары - Грекия, Венгрия және Израиль құрамалары. Бүгін Грекия мен Израиль ватерполшылары да шеберлік байқасады.

Кеше құрамамыз Грекиядан 5:13 есебімен жеңіліп қалды . Сол күні Израиль құрамасы Венгрияға 2:27 есебімен ығына жығылды.

Енді қазақстандық спортшылар 21 қаңтарда Израильмен ойнайды. Ал Грекия мен Венгрия өзара мықтыны анықтайды.

Айта кетелік, Қазақстан құрамасы Олимпиадада екі мәрте бақ сынады . Атап айтқанда, 2000 жылы - 6, 2004 жылы - 8 орын алды.