Оқушылардың тоқсандық бағасы енді қалай қойылады
АСТАНА. KAZINFORM – Тоқсандық бағаның 50 пайызы формативтік, 50 пайызы аралық бағалау нәтижелері негізінде есептеледі. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді.
Оның айтуынша, тоқсандық баға мектептің LMS жүйесінде белгіленген бірыңғай формула бойынша автоматты түрде есептеледі. Жүйеде оқушының формативтік және аралық бағалау нәтижелері, сондай-ақ олардың қорытынды бағадағы үлесі көрсетіледі. Бұл ата-анаға, оқушыға және педагогке тоқсандық бағаның қалай қалыптасқанын түсінуге мүмкіндік береді.
– Бастауыш сыныптарда аралық бағалау жұмыстарына модерация жүргізілмейді. Бағалаудың бірыңғай талаптары мен оны ұйымдастыру тәртібі сақталады. Ал модерацияның болмауы, ТЖБ-ның жеке өткізілмеуі және дайын жауап парақтарын әзірлеу қажеттілігінің азаюы педагогтің рәсімдік жұмысын оңтайландырып, уақытын оқу процесіне және білім алушымен тікелей жұмысқа көбірек бағыттауға жағдай жасайды, – деді бірінші вице-министр.
Жаңартылған бағалау тәсілдерінің барлық білім беру ұйымдарында бірізді қолданылуын қамтамасыз ету үшін педагогтерге орталықтандырылған әдістемелік қолдау көрсетіледі.
Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Бағалау орталығы бағалаудың бірыңғай талаптары мен тәртібін айқындап, педагогтерге әдістемелік ұсынымдар мен тапсырма үлгілерін ұсынады.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылардың жеке ерекшеліктері де ескеріледі. Педагог қажет болған жағдайда олар үшін сараланған немесе жеке тапсырмалар әзірлей алады. Тапсырмалардың көлемі, нысаны, орындалу тәсілі мен уақыты баланың жеке қажеттіліктеріне қарай бейімделуі мүмкін.
Айта кетейік, мектептегі аралық бағалау не үшін керек екенін жазғанбыз.