Төл атаудан жиренгені қалай: Федерация тоғызқұмалақтың атын ауыстыруға қарсы шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Кешегі депутат ұсынысынан кейін Қазақстан тоғызқұмалақ федерациясы мәлімдеме жасады.
Еске сала кетейік, кеше Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова тоғызқұмалақ ойынының атауын бір ізге келтіру үшін тоғызат деп атауды ұсынып, Үкіметке сауал жолдаған болатын.
Оның айтуынша, бүгінде бұл ойынның негізгі екі атауы орнығып отыр: қазақша — тоғызқұмалақ, қырғызша — тоғызкөргөл. Ішінара түрікше мангала/гечюрме аталады.
Қазақстан тарапы халықаралық жарыс өткізгенде ойынның аты «тоғызқұмалақ» аталады да, Қырғызстан жағы жарыс ұйымдастырғанда бұл ойын «тоғызкөргөл» болып шыға келеді.
«Ғалымдар мен зерттеушілердің пікірінше, бұл ойынның жалпытүркілік атауы бар, ол — Тоғызат. Этнограф Г.Загряжскийдің еңбегінен ойынның атауы XIX ғасырда тоғызат аталғаны мәлім болып отыр. Осы деректерді ескере отырып, алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дейін жалпытүркілік бұл зияткерлік спорттың атауын ортақ нұсқамен тоғызат атауын қалыптастыру шараларын қолға алуды ұсынамыз», — деді Мәжіліс депутаты.
Осыған орай тиісті федерация басшысы Әлихан Бәйменов үнсіз қалмады.
Оның айтуынша, ғасырлар бойы халық пайдаланып келген төл атаудан жирену, қасиетті ұғымдарға немқұрайлы қарау — ұлттық құндылықтар аясында қоғамды ұйыстыруға бастамайтын іс екені сөзсіз.
«Көзіқарақты кез келген адам „бұлар басқаны қойғанда Абайды танымай, Әуезовті оқымағандар ма?“ деп қайран қалған шығар. Бастамашылардың кімді оқитынын білмейміз, бірақ қағидалы ақиқатты түсінбейтіні анық. Тоғызқұмалақ — ұлттың мыңжылдық тарихы бар зияткерлік ойыны. ЮНЕСКО оны адамзаттың мәдени мұрасы деп 2020 жылы мойындаған. Тоғызқұмалақ ұлтымыздың әлемдік мәдениетке қосқан үлесінің жарқын үлгісі болып табылады. Сырттан келген бірер адам түрлі пиғылмен атауын бұрмаласа — ондай тәсілді біздің мәдениет пен тарихи жадымызға қарсы сыртқы күштер талай қолданғанын тарихтан да білеміз. Тарихи, ғылыми дереккөздерде, көркем және ауыз әдебиетінде, ұлттың жадында ойын тек тоғызқұмалақ деп аталады» деп келтіреді Әлихан Бәйменовтың сөзін федерацияның баспасөз қызметі.
Оның айтуынша, ұлттық ойынның атауы — Парламентке де, Үкіметке де, тоғызқұмалақ федерациясына да тиесілі емес. Ол еш адамның не ұйымның меншігіне жатпайды.
Ойынның да, оның атауының да иесі — қазақ халқы.
«Біздің перзенттік парызымыз — тоғызқұмалақты дамытып, қанатын кеңге жаю. Қазір әлемнің 50 астам елінде тоғызқұмалақ көзбе-көз ойналса, интернет арқылы 100 мемлекет тұрғындары түрлі сайыстарға қатысуда. 6 әлем чемпионаты 25-30 ел өкілдерінің қатысуымен өтті. Жаһанға танымал зияткерлік ойындар сайттарында тоғызқұмалақ көшбасшы орында. Қазақстанда 210 мың адам түрлі деңгейде тұрақты шұғылданып жүр. Мұның бәрі — ардагерлер, жаттықтырушылар, ойыншылар, оларды демеп, қолдап жүрген федерация, тоғызқұмалақ қайраткерлері, кәсіпкерлер, Туризм және спорт министрлігі мен жергілікті әкімдіктер, мәслихат депутаттарының бірлесе атқарып жүрген ісінің жемісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы тоғызқұмалақты дамытуға назар аударуы ортақ іске соны серпін берді. Біз әрі қарай да ұлттық мұраны насихаттап, дәріптеп, кеңірек таралуына жұмыс жасаймыз. Перзенттік парызымызды атқаруға ешкім кедергі бола алмайды. Қазақ барда тоғызқұмалақ дами бермек. Ұлт алдында зор міндеттер тұр. Азамат ретінде ел дамуының өзекті мәселелері бойынша жоғары мінберлерден келелі ой айтылғанын қалаймыз. Пікір алуандығын сыйлай отырып, қасиетті құндылықтармен ойнауға болмайтынын мәлімдейміз», — дейді Қазақстан және Дүниежүзі тоғызқұмалақ федерацияларының президенті Әлихан Бәйменов.