Төл теңгеге 30 жыл: Астанада арнайы көрме ашылды
ҚР Президенттік орталығында Қазақстанның ұлттық валютасының 30 жылдығына арналған көрме ашылды, деп хабарлайды Kazinform.

Көрмені ашқан Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат еліміздің ұлттық валютасы Әнұран, Ту, Елтаңба секілді тәуелсіздігіміздің бірден-бір нышаны екенін атап өтті.

Қазақстандық банкноттар арқылы бүкіл әлемге Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Абылай хан, Құрманғазы, әл-Фараби мен Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Оқжетпес, Іле Алатауы секілді еліміздің киелі орындары танылды.

Көрменің ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстан банкноттары жоғары сапалы және биік дәрежеде қорғалған. Мұны халықаралық сарапшылар да растайды. Оған дәлел халықаралық банкноттар қауымдастығы Қазақстанның банкнотын үш жыл қатарынан әлемдегі ең үздік деп таныды.

Көрмеге 200-ден астам экспонат қойылған:
- Қазақстанның ежелгі монеталары;
- ұлттық валютаны қалыптастырудың алғышарттары;
- халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық;
- ҚР Ұлттық банкінің Қазақстан теңге сарайы;
- коллекциялық, инвестициялық және естелік монеталар.
«Теңге – тәуелсіздік нышаны» атты көрме 2024 жылғы 15 қаңтарға дейін жалғасады.
