Толассыз жаңбырдан кейін Измирдегі бірнеше ауданды су басты

АСТАНА.KAZINFORM - Нөсер жауын Түркияның батысы мен оңтүстік-батысында кең таралған су тасқынына себеп болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Түркиядағы су тасқыны: Измир мен жағалау маңындағы аудандарды су басты
Фото: gazeteoksijen.com

Түркияның апаттардың алдын алу және басқару басқармасының (AFAD) мәліметі бойынша, Измир провинциясы, әсіресе жағалаудағы Фоча ауданы қатты зардап шекті.

Нөсер жаңбырдан теңіз деңгейі күрт көтеріліп, жағалау, жолдар мен тұрғын үйлерді су басты. Кейбір аудандарда құтқару қызметі су басқан үйлерден тұрғындарды эвакуациялап жатыр. 

Фоча ауданында су жағалаудағы кафелерді, дүкендерді және жеке үйлерді басып қалды. Көптеген көлік су астында қалды. Жергілікті тұрғындар толқындардың ғимараттардың қасбеттеріне жеткенін, ал кейбір аудандарда көлік қозғалысы тоқтатылғанын хабарлайды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты қоғамдық көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды. 

Метеорологтар нөсер жаңбыр алдағы 24 сағат бойы жалғасады деп болжап отыр. Билік аймақ тұрғындарына қажет болмаса үйлерінен шықпауға және сақтық шараларын қабылдауға кеңес береді. 

Құтқару және коммуналдық қызметтер апат салдарын жою жұмыстарын жалғастырып жатыр және жаңбыр күшейсе жағдай бұдан бетер нашарлауы мүмкін екені ескертілді.

Бұған дейін Түркияның бірнеше оңтүстік-батыс аймағында қатты ыстық пен құрғақ ауа райынан туындаған орман өрттерімен белсенді күрес жүргізіліп жатқанын хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар