Төлеби ауданында мектептің жанынан салынған қосымша ғимарат пайдалануға берілді

«Жаңадан салынған 200 орындық қосымша ғимаратта мектептің асханасы мен шеберханасы, кітапханасы мен акт залы бар. Сондай-ақ сәулетті спорт залда оқушылар жене шынықтыру сабағын өтуіне жағдай жасалған. Оқушыларға әрқашан тынымсыз ізденісте, қай кезде де білім алып, ерінбей еңбектеніп, тек жақсы жетістіктеріңмен, жоғарғы көрсеткіштеріңмен қуанта беріңдер»,- деді аудан әкімі. Айта кетейік, ауданда бірнеше мектеп кезең-кезеңімен жөндеуден өтіп жатыр. Мұндай жұмыстар Ленгір қаласындағы №4 Қ.Сәтбаев атындағы мектепте жүргізілді. Сонымен қатар, Қасқасу жалпы орта мектептерінің ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Көксәйек елді мекеніндегі 100 орындық бастауыш мектебінің құрылысы басталса, қаладағы №1, №5 мектеп гимназиялары, Ақбастау жалпы орта мектебінің қосымша құрылыс жұмыстары мен Қ.Тыныбеков атындағы жалпы орта мектебінің спорт залы келер жылы пайдалануға берілетін болады.