Маңғыстау облысында газ ұңғымасындағы апат жойылды
АСТАНА. KAZINFORM — Оқиға орнында жедел штаб құрылып, онда апатты жою бойынша жұмыс жоспары жасалды, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.

Апатты жағдайды жою үшін оқиға орнына ТЖД күштері мен құралдары және «Ақберен», «Оңтүстік мұнай сервис», Nobilis Corp және Varro Operating Group компанияларының мамандары тартылды.
— Оқиға орнында жедел штаб құрылып, онда апатты жою бойынша жұмыс жоспары жасалды. Ауаны газ аналитикалық аппаратурамен өлшей отырып, ұңғыма сағасының жай-күйі зерттелді. Келген қызметкерлер мен мамандар құбыр кеңістігі арқылы ұңғыманы жабу жұмыстарын жүргізді. Крест превенторын бөлшектеп, ағып кетуді болдырмау және тығыздауды қамтамасыз ету үшін ұңғыманың кіреберісіне жаңа қорғаныс элементін орнатты. Сондай-ақ ұңғымадан 60 м қашықтықта өрт шыққан жағдайда су жинау үшін траншеяны қазу жұмыстары жүргізілді, — делінген хабарламада.
Ведомство атап өткендей, зардап шеккендер жоқ. Апаттың себебі анықталып жатыр.
Еске салсақ, 6 маусымда Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы «Толқын» кен орнында №57 ұңғымада құбыр кеңістігі арқылы газ бен судан тұратын қоспа сыртқа шықты. Жану фактісі тіркелмеді.