ТОЛЫБАЙ БАТЫР ДАУЛЕНҰЛЫ
Қазақ-қалмақ соғысында ерен ерлігімен танылған, әділ би, шешендігімен қоса алдағыны болжайтын көрегендігімен де сыйлы болған. Толыбай батыр Дәуленұлы заманында Қазақ, Ноғай (Қараағаш, Маңғыт рулары), Қарақалпақ, Сiбiр татары (Ескер, Барабы, Құралаш рулары, Шалабай естектерiнiң (Челябинск башқұрттарының) бiрiккен әскерiнiң ордабасысы болыпты. Барабы, Ескер, Құралаш руларының, Шалабай башқұрттарының жасағының қазақ әскерiнiң құрамында болуына оларға қазақ хандығының ықпалы басым болуы себепкер болған екен. Толыбайдың әкесi - Дәулен батыр, атасы - Таузар сардар болып өз замандарында Үш жүздiң әскербасылары және Орта жүз қазақтарының ардақты ел билеушiлерi болыпты. Оларды өздерiмен тұстас ақын-жыраулар өлеңдерiне қосып, ерлiктерiн жырларына арқау еткен (шежiре деректерi бойынша).
Толыбай ел қорғаны - батыр болумен қатар, ұста-зергер, балташы, өрiмшi, етiкшi, дихан, аңшы, құсбегi, мерген, балуан, емшi, атбегi, сөзге шешен, ақындық қабiлетi бар әрi көреген кiсi болыпты. Ұлдары да әкесіне тартқан, Ел iшiнде Толыбайсыншы-ұлы айтты деген нақыл қанатты сөздерде кездеседi.
Адамдыда, аттардыда, басқа жануарларды, гауһар, меруерт, маржан тастарды, қару-жарақты, құсты, иттi сынап бiлгенi үшiн Толыбайға сыншы деген атақты Қазақ, Башқұрт, Қарақпалпақ, Қырғыз, Татар, Ноғай халықтары берген екен.
Аңыз бойынша Баянауыл өңiрiн мекендейтiн Орта жүз Сүйiндiк Арғын Айдабол бидiң қызы Ақбілектен 20 ұл көрген екен. Ол кiсi де өнерi асқан сынықшы, тоқымашы, тiгiншi болыпты. Ұлдарының үлкені - Майлы би, кішісі - Қожаберген жырау. Балаларын үлкен қалаларға жіберіп оқытқан. Елін өнер-білімге баулыған.
Ұлдарының ең кенжесі Қожаберген жыраудың:
«Толыбай сыншы ұлымын,
Ғаскер бастап, ту алған.
Тыныштық кезең болғанда,
мағына айтқан Құраннан» дегеніне қарағанда имандылық рухын сепкен. Толыбай батыр Дәуленұлы ұрпақтары Солтүстiк Қазақстан облысының Жамбыл ауданында тұрады.
Дерек көзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 8 том
«ҚазАқпарат»ҰК»АҚ-ның арнаулы жобалар бөлімімен толықтырылған.