12:53, 27 Сәуір 2009 | GMT +5
Толыбайұлы Олжабай
Толыбайұлы Олжабай (1709-1783) – жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен қазақтың атақты батырларының бірі.

Орта жүздің арын тайпасынан шыққан. Арғы атасы Айдабол 13 жасында би болған. Тәуке ханның билерінің бірі болған әкесі Толыбай 1723 жылы атақты «Ақтабан шұбырынды» кезінде Түркістан қаласын қорғау ұрысында қаза табады. Осыдан кейін Олжабай нағашысы Қаратай батырдың қолына барып, сонда тәрбиеленеді.
Халықтың шежірелерінде, ауызша әңгімелерінде Олжабай туралы өте көп айтылады, өлең-жыр, дастандар да баршылық. Онда Олжабайдың батырлығы, тапқырлығы, мергендігі ерен сүйіспеншілікпен сөз болады. Оның есімі он сан орта жүзге ұран болған. Халық жырларында «Олжабайлап» жауға шапқанның жеңбейтіні болмаған. Үрей туғызатын ұранды пайдаланып, өзгелердің де жауға «Олжабайлап» шабатын кездері де аз болмаған көрінеді.
Олжабай батыр Қабанбай, Бөгенбай, Малайсары секілді батырлармен бірге тізе қоса отырып, ата жауға қарсы талай жорыққа қатысты. Түркістанды азат еткені үшін ел аузында Ер Олжабай атанды. Оның ерлігінің ерекше көрінетін жері Баянауыл бауырайындағы қалмақтармен болған шайқасы. Осы шайқаста Олжабай жиені Жасыбаймен бірге қалмақтардың жолын тосып жатады. Жасыбай жасағымен Шойынкөлге өтетін асудың аузында, Олжабай Торайғыр көліне өтетін асудың ауызында жатып, жау қолын күтеді. Бұлардың жол тосып жатқанын қалмақтар да біліп, қапысын тауып, Жасыбай қолына тосыннан келіп тиіседі. Жасыбай осы шайқаста қаза табады.
Жау келгенінен хабарланған Олжабай көмекке ұмтылады. Ол жауды қоршап алып, таудың бір қуысына тығып қойып қойдай қырады. Сонда Олжабайдың сұсын көрген жолдасы Төртуыл Баймұрат батыр: «Енді сен дем ал, мұнда саған қарсы келер ешкім қалған жоқ. Қалған-құтқаны болса, маған сауға бермейсің бе» деп, атының сулығынан ұстағанда, Олжабай: «Жасыбайдың бір бармағының да құны толған жоқ қой» деген екен күрсініп. Кейін халық қапыда кеткен есіл ердің құрметіне Жасыбайдың жау күткен асуын «Жасыбай асуы», Шойынкөлді «Жасыбай көлі» атап кетіпті. Ол жерлер бүгінде солай аталады.
Олжабай батырдың ерлігі жайлы қазақ аңыздары мен деректі әңгімелер орыс ғалымдары Ф.Шербиннің, Н.Коншиннің, Н.Смирнова мен Д.Примактың еңбектерінде баяндалады. Аңыз бойынша ол ең алғаш рет Қаратай батырдың туын ұстап, ұрысқа кіреді. «Олжабай батыр» атты халық жырында оны қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресіне белсене қатысушы, халық қамқоршысы ретінде бейнелейді.
Олжабай Абылайдың ту ұстаушы батырларының бірі («Ала ту» деген лақап атқа ие болған) ретінде 1735 жылы Түркістан мен Ташкентті жоңғарлардан азат ету жорығына, 1736 жылы Баянауылды Қалдан Сереннен босатқан шайқастарға, 1756 жылы қазақ жеріне басып кірген қытай әскерін талқандауға қатысты. Абылай жоңғарлардың қолына тұтқынға түскенде, оны құтқаруда елеулі еңбек етті. Абылай оны «Ер Олжабай», «Қу жарғақ» (атқан оқ Олжабайға тимегендіктен) деп атап, Әбілмәмбет хан оған алтын сапты қылыш сыйлады. Олжабай Абылай ханның мемлекет билігін орталықтандырып, нығайту бағытындағы әрекеттеріне елеулі үлес қосты. Хан елшісі ретінде бірнеше мәрте Ресей мемлекетіне барды.
Ол Түркістан медресесінде оқып, арабша, қалмақша жетік білген. Академик Ә.Марғұланның естеліктерінде Олжабайдың немере інісі Едіге бимен бірге 1762 жылы II Екатеринаға хат жазғаны атап көрсетіледі. Хатта патшайымнан Ертістің шығыс жағындағы қалың орманнан жайылымдық жер сұрағаны айтылады.
Олжабай батырдың өз қолымен жазып қалдырған «қара кітабы» болған. Онда соғыстар жайлы әңгімеленіп, Қазыбек би, Абылай, Бөгенбай есімдері жиі аталады.
Батырдың туы 1937 жылға дейін сақталған. Әйгілі ғалым Ә.Марғұлан Олжабайдың шөпшегі болса, ақын О.Сүлейменов жетінші ұрпағы.
2004 жылы Ақмола облысының Ерейментау ауданындағы ауылға батыр есімі берілді. 2005 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде Олжабай батырға арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, кітап жарық көрді. Дереккөздері:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 7 том
Қазақстан тарихы энциклопедиялық анықтамалығы
«Тарихи тұлғалар» кітабы