ТОЛЫБЕКОВ СЕРҒАЛИ ЕСПЕМБЕТҰЛЫ

Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) бітірген. 1932-1938 жылдары - Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының саяси экономия кафедрасының ассистенті, доценті, 1938-1942, 1947-1950 жылдары - Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының директоры, 1950-1952 жылдары - осы институттың кафедра меңгерушісі, 1952-1963 жылдары - Қазақ КСР-і Ғылым академиясы Экономика институтының директоры. 1963-1974 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының ректоры қызметтерін атқарған. 1974 жылдан өмірінің соңына дейін Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының кеңесшісі-профессоры қызметін атқарды. 1959-1964 жылдары КСРО Ғылым академиясының саяси экономия мәселелері жөніндегі ғылыми кеңесінің мүшесі болған.
Серғали Еспембетұлы Толыбеков Қазақстанның экономикалық дамуы, саяси экономия мәселелері бойынша 100-ден астам ғылыми еңбектерін жариялаған. Ол Қазақстан мен Орта Азия республикаларының материалдары негізінде қоғам дамуының теориясы және тарихи-экономиялық мәселелерін зерттеумен айналысып, «Қазақстанның Ресейге қосылу қарсаңындағы экономикалық даму деңгейі», «Қазақтардың 17-19 ғасырлардағы қоғамдық-экономикалық даму деңгейі» атты еңбектерін жариялады. Ғалымның «17 ғасыр мен 20 ғасырдың бас кезіндегі қазақтардың көшпелі қоғамы. Саяси-экономикалық талдау» деген іргелі монографиясы ғылыми ортаның назарын айрықша аударды. Ол бұл еңбегінде экономикалық ғылым саласында алғаш рет көшпелі қоғам жағдайындағы, нақтырақ алғанда төңкеріске дейінгі Қазақстандағы өндірістік қатынастардың негіздері туралы принципті жаңа қағидалар ұсынды. Ол көшпелі қазақ қауымының әлеуметтік-экономикалық құрылысына, Қазақстанның нақтылы ерекшеліктеріне терең саяси, экономикалық талдау жасады. Көшпенділерде мал шаруашылығы материалдық өндірістің ерекше саласы екенін, қазақ ауылында патриархалдық-рулық өндірістік қатынастардың үстем болғанын, көшпелі жағдайдағы мал шаруашылығымен айналысатын қазақ ауылында малға деген жеке меншік өндірістің негізгі құралы ретінде патриархалдық-рулық қатынастардың негізін құрағанын егжей-тегжейлі талдап, жан-жақты ашып көрсетті. Ермұқан Бекмаханов еңбектерін сынаушылық көзқарасымен бағалап, сол тақырыптағы пікірталастарға белсене қатысқан.
Серғали Еспембетұлы өмірінің соңғы жылдары қазақтардың шығу тегі мен шежіресін зерттеумен айналысты. Оның «Қазақ шежіресі» (1992) деген кітабында қазақ халқының тарихы туралы мол мағлұмат келтірілген.
Екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, отандық және шетелдік көптеген медальдармен марапатталған.
Дерек көзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 8 том.