Толығымен автоматтандырылған шекара бекеті қалай жұмыс істейді

Комитеттің басқарма басшысы Қайрат Маубаевтың айтуынша, қазіргі шекара бекеттерін озық теxнологиялармен жабдықтап, қосымша инфрақұрылым нысындарын салғаннан кейін тауарлар мен көлік құралдарын өткізу уақыты екі есеге қысқарады. Ал көлік жүргізушінің өзі машинадан мүлдем түспесе де болады. Осының арқасында жемқорлық әрекеттерін де барынша азайту жоспарланған. Толығымен автоматтандырылған шекара бекеттерінің жұмысын Астанадағы диспетчерлік орталық бақылайды деген жоспар бар.
Жалпы, еліміздегі 11 авто, 5 теміржол және 12 әуе бекетін жаңарту үшін шамамен 70 млрд. теңге қажет. Алайда аталған қаржы бюджеттен тартыла ма, жоқ әлде бизнес пен мемлекет бірлесіп көтере ме, ол жағы әзірше белгісіз. Комитет басшысының сөзіне қарағанда, қаржы мәселесі шешілгеннен кейін алдымен еліміздің шығыс пен оңтүстігіндегі шекара бекеттерін жаңарту жұмыстары қолға алынбақ. Себебі ол жақтан келетін тауар көп.