Төмен байытылған уранның алғашқы партиясы Қазақстанға жеткізілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат –Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА/МАГАТЭ) Өскемен қаласында орналасқан Төмен байытылған уран банкіне материалдың алғашқы партиясы сақтау үшін жеткізілді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

АЭХА-ның ТБУ банкінде 90 метрикалық тонна уран гексафториді сақталады. Ол атом электр стансаларында стандартты жеңіл су реакторы үшін отын өндіруге жарамды. Материалдарды жеткізушілер - қазақстандық «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және француздық «Орано-Цикл» компаниясы.

«ТБУ-дың бұл қоры радиоактивті қалдық емес. Халыққа және қоршаған ортаға қауіп төндірмейді. Және ол АЭХА-ға мүше мемлекеттер саяси себептерге байланысты отынның дәстүрлі жеткізілімінің тоқтауымен бетпе-бет келген жағдайлар үшін қарастырылған», - делінген СІМ ақпаратында.

Сыртқысаяси ведомстводан атап өткендей, материалды қауіпсіз сақтау үшін Үлбі металлургиялық зауытында қажетті инфрақұрылым құрылған.

Айта кетейік, АЭХА-ның Қазақстанда Төмен байытылған уран банкін құру жөніндегі халықаралық жобасы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен сәтті жүзеге асырылып отыр.

Соңғы жаңалықтар