23:28, 26 Сәуір 2021 | GMT +5
«Томирис» фильмі Amazon Prime стриминг платформасында көрсетіле бастады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Томирис» көркем фильмі Amazon Prime стриминг платформасында көрсетіле бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл жайында Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мәлімет таратты.
«Киностудия жарыққа шығарған «Томирис» фильмі ең ірі стриминг платформалардың біріне шықты. Режиссер Ақан Сатаев түсірген тарихи кинотуынды канадалық және американдық көрермендер үшін Amazon Prime халықаралық бейне платформасының қорын көбейтті» деп жазды мекеме Instagram парақшасында.
Айта кету керек, бүгінгі күнге дейін «Томирис» фильмі 10-нан астам тілге аударылып, дубляждалды.
Еске сала кетейік, біз бұған дейін «Томирис» кинотуындысы Парижде өткен L’Etrange Festival кинофестивалінің толық метражды фильмдер секциясында Nouveau Genre гран-приін жеңіп алғанын жазған болатынбыз.