ТОП-10: Қазақстандағы ең танымал тарихи орындар
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазақстан — тарихы тереңде жатқан мемлекет. Ғасырлар бойы Ұлы далада түрлі өркениет мен мәдениет дамып, артынан ұрпаққа бағалы мұра қалдырды. Қазіргі Қазақстан аумағында көне қалалардың орындары, ортағасырлық сәулет өнерінің ескерткіштері, жартас суреттері және қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты киелі орындар сақталған.

Есік қорғаны
Есік қорғаны — Қазақстандағы ең маңызды археологиялық ескерткіштердің бірі болып саналады. Алматы облысында орналасқан. Дәл осы жерден XX ғасырда әйгілі «Алтын адам» табылды. Бұл — біздің заманымызға дейінгі V ғасырда өмір сүрген сақ жауынгерінің қабірі. Ол алтынмен қапталған сауыт, қару-жарақпен және әшекейлермен жерленген.

Есік қорғанындағы табылған бұйымдар сақ мәдениетінің байлығын, олардың металл өңдеу өнерін, дүниетанымын және әлеуметтік құрылымын көрсетеді. Бүгінгі таңда «Алтын адам» Қазақстан символдарының біріне айналып, тәуелсіздік пен ұлттық бірліктің белгісі ретінде қабылданады.

Бозоқ
Бозоқ — VIII–XVI ғасырлардағы көне қала орны, Астана маңында орналасқан. Бұл ортағасырлық қоныс саяси, экономикалық және мәдени өмірдің маңызды орталығы болған. Археологиялық зерттеулер мұнда қолөнершілер, егіншілер мен малшылар тұрғанын, сондай-ақ қала арқылы сауда жолдары өткенін көрсетеді.

Бозоқ қаласының құрылымы сол дәуірдегі қалалық мәдениеттің дамығанын дәлелдейді. Қазба жұмыстары барысында тұрғын үйлердің, қорғандардың, діни нысандардың қалдықтары табылған. Бозоқ қазіргі Қазақстан астанасының тарихымен тікелей байланысты.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі
Түркістан қаласында орналасқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі — XIV ғасырда Әмір Темірдің бұйрығымен салынған сәулет өнерінің озық туындысы. Бұл ескерткіш Орталық Азиядағы ең ірі тарихи нысандардың бірі.

Кесене сопылық ілімнің көрнекті өкілі Қожа Ахмет Ясауидің құрметіне тұрғызылған. Бүгінгі күні кешен тек діни ғана емес, сонымен қатар тарихи-мәдени орталыққа айналды. 1994 жылы ЮНЕСКО Қожа Ахмет Ясауи кесенесін Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізді. Қазір Түркістан — еліміздің рухани астанасы әрі ішкі және шетелдік саяхатшылар үшін жаңа туристік бағыттардың бірі.

Отырар және Арыстан баб кесенесі
Отырар — Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан көне қала. Ол бір кездері ғылым мен мәдениеттің ірі орталығы болған. IX–XII ғасырларда Отырарда атақты ғалым Әбу Насыр әл-Фараби дүниеге келді. Қалада кітапханалар, медреселер, мешіттер мен базарлар жұмыс істеген. Отырардың Ұлы Жібек жолының бойында орналасуы оны бірнеше ғасыр бойы саяси және экономикалық тұрғыдан маңызды орталыққа айналдырды. Алайда 1219 жылы Шыңғыс хан әскері қаланы қиратты. Соған қарамастан Отырар Қазақстан тарихында өшпес із қалдырды.

Отырар маңында орналасқан Арыстан баб кесенесі — киелі орын. Арыстан баб Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы болған, сондықтан кесене мұсылмандар зиярат ететін басты орындардың бірі болып саналады.

Сарайшық
Сарайшық — XIII ғасырда Алтын Орда дәуірінде салынған қала. Ол Жайық өзенінің бойында, қазіргі Атырау облысында орналасқан. Сарайшық Ұлы Жібек жолының маңызды бекеттерінің бірі болып, сауда, саясат пен мәдениеттің орталығы ретінде өркендеді. XIV–XVI ғасырларда қала Қазақ хандығының саяси орталықтарының біріне айналды. Мұнда бірнеше қазақ ханы жерленген, сондықтан бұл жер ұлттық тарих үшін ерекше мекен.

Қала XVI ғасырдың соңында қирап, біртіндеп жермен-жексен болды. Қазір Сарайшықтың орны ашық аспан астындағы музейге айналған. Мұнда ежелгі қыш ыдыстар, қару-жарақтар, әшекейлер мен тұрмыстық заттар табылып, әлі де зерттеліп жатыр.
Тамғалы петроглифтері
Тамғалы петроглифтері Алматы облысында орналасқан. Мұнда қола дәуіріне жататын жартас суреттері бар. Жалпы 5 мыңнан астам тасқа қашалған сурет сақталған. Олардың ішінде күн құдайлары, аң аңлау көріністері, жануарлар бейнесі және діни рәсімдердің бейнелері бар.

Тамғалы петроглифтері ежелгі адамдардың дүниетанымын, сенімін және күнделікті өмірін көрсетеді. 2004 жылы бұл ескерткіш ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді. Бүгінде Тамғалы — Қазақстандағы археологиялық туризмнің ең танымал бағыттарының бірі.
Ежелгі Тараз және Жамбыл облысындағы ескерткіштер
Тараз — Қазақстандағы ең көне қалалардың бірі, тарихы 2 мың жылдан асады. Ол Ұлы Жібек жолының бойында орналасып, мәдениет пен сауданың орталығы болған. Таразда көптеген сәулет ескерткіші сақталған. Олардың ішінде ең танымалдары — Айша бибі кесенесі, Бабажы қатын кесенесі, Қарахан кесенесі және Ақыртас архитектуралық кешені. Бұл ескерткіштер — ортағасырлық сәулет өнерінің үлгілері.

Айша бибі кесенесі махаббат пен адалдықтың символына айналса, Бабажы қатын кесенесі — сәулетімен ерекшеленеді. Ал Ақыртас кешені әлі күнге дейін ғалымдар үшін жұмбақ күйінде қалып отыр.

Ұлытау
Ұлытау — қазақ халқы үшін ерекше киелі аймақ. Ол ежелден түркі және қазақ тайпаларының саяси әрі рухани орталығы болып саналған. Мұнда Жошы хан кесенесі, Алаша хан кесенесі сияқты тарихи ескерткіштер орналасқан. Сондай-ақ Ұлытауда хандар мен билердің бас қосып, маңызды шешімдер қабылдағаны туралы деректер сақталған.

Ұлытау — Қазақстан тарихының терең тамырын көрсететін мекен. Бүгінде ол отандық туризмнің маңызды орталықтарының бірі болып отыр.
Маңғыстау жерасты мешіттері
Маңғыстау өңірі өзіндік бірегей діни-мәдени мұрасымен танымал. Мұнда көптеген жерасты мешіттері бар, Атап айтқанда: Бекет ата, Шопан ата, Шақпақ ата, Қараман ата мешіттері.

Бұл мешіттер XI–XIX ғасырлар аралығында салынған. Олар тасты үңгіп жасалғандықтан, сәулет үлгісі ерекше. Жерасты мешіттері ислам дінінің қазақ жерінде таралу тарихымен тығыз байланысты. Әсіресе, Бекет ата мешітіне баратын адамдардың қарасы көп. Жыл сайын мыңдаған адам осы жерге келіп, дұға етеді.

Сығанақ
Сығанақ — XV–XVI ғасырларда Қазақ хандығының астанасы болған көне қала. Ол қазіргі Қызылорда облысының аумағында орналасқан. Сығанақ орта ғасырларда ірі сауда, қолөнер және саяси орталыққа айналды. Қалада медреселер, мешіттер, базарлар жұмыс істеген. Оның стратегиялық маңызы зор болды, себебі Сырдария бойындағы ең ірі бекіністердің бірі еді.

Қазақ хандығының қалыптасуы мен дамуы кезеңінде Сығанақ астана ретінде маңызды рөл атқарды. Қала әртүрлі тарихи кезеңдерде бірнеше рет қираса да, тарихта айрықша орын алды.

Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында балықшының қармағына «тарихи артефакт» ілінгенін жазғанбыз.