ТОП-10: Шетелдік туристерге Қазақстанның қандай өңірлері тартымды
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Былтыр Алматы облысында келетін туристер айтарлықтай артқан, ал Шымкент қаласы мен Ақтөбе облысында бұл көрсеткіш төмендеді.

Kazakh Tourism компаниясы «eQonaq» жүйесіне тіркелген орналастыру орындары бойынша мәліметтерді талдап, шетелдік туристер арасында танымал қазақстандық өңірлерді анықтады. Өткен жылдың үздік үштігі 2023 жылмен салыстырғанда өзгеріссіз қалды.Талдау «eQonaq» ақпараттық жүйесіне тіркелген 525 мыңнан астам пайдаланушының деректерін қамтыды.
Зерттеу қорытындысы бойынша Алматы шетелдік туристер үшін ең танымал қазақстандық қала мәртебесін сақтады. 2024 жылы оңтүстік астана 534 340 шетелдік қонақты қабылдаған. Өткен жылмен салыстырғанда мегаполиске келген саяхатшылар саны 70 мыңға жуық адамға артты.
Рейтингтің екінші сатысына елорда жайғасты. 2024 жылы «eQonaq» жүйесіне тіркелген 269 320 шетелдік мейман Астанада тоқтаған.
2023 жылмен салыстырғанда 2024 жылы Алматы облысында шетелдік туристер саны 59%-ға артып, 134 763 адамға жетті. Бұл нәтижесінің арқасында Алматы облысы ең тартымды қалалар тізімінде үздік үштікке енді.
Атырау және Маңғыстау облыстары төртінші және бесінші орындарды иеленді. Мұнайлы өңірге өткен жылы 106 974 шетелдік турист келсе, Маңғыстау облысы 71 462 шетелдік қонақты қабылдады (2023 жылы – 67 633 адам).
Қарағанды облысының шетелдік туристер үшін тартымдылығы арта түсті. Аймақ рейтингте бірден үш сатыға көтеріліп, алтыншы орынды иеленді. 2024 жылы өңірге 50 474 шетелдік турист келді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 35%-ға артық.
Ал Ақтөбе облысы 2023 жылмен салыстырғанда бір саты төмендеді. Онда шетелдік қонақтар саны шамамен 1500 адамға азайып, 45 063 турист болды.
Тізімнің сегізінші және тоғызыншы орындарына Ақмола және Жамбыл облыстары жайғасты. Бұл екі өңірде де 2024 жылы шетелдік туристер санының өсуі байқалады. Ақмола облысы 44 976 шетелдік қонақты қабылдаса, Жамбыл облысында бұл көрсеткіш 44 226 адамға жетті.
Оныншы орынды үш саты төмендеген Шымкент қаласы иеленді. «eQonaq» жүйесінің деректері бойынша, 2024 жылы мегаполистің орналасу орындарына 39 887 шетелдік турист тоқтаған. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда шамамен 900 адамға аз.
Еске салайық, бұған дейін 2025 жылы Алматыда туризмді дамыту үшін не істелетінін жазғанбыз.
