Топ-менеджменттегі гендерлік теңдік компания жұмысына қалай әсер етеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгінде әйелдердің бизнесте, саясатта, экономикада және өмірдің басқа салаларында мүмкіндіктерін кеңейтуге үлкен мән беріліп отыр. Бұл Қазақстан Үкіметі саясатының да басым бағыттарының біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та басшылық қызметтегі әйелдер 30%-ға дейін арттыруды тапсырған еді. Бұл жалпы ел халқының жартысынан астамын құрайтын әйелдердің әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік береді. Топ-менеджменттегі гендерлік теңдік компания жұмысына қалай әсер етеді? Басшылық қызметтегі гендерлік әртүрлілік не береді? Қазақстанның квазимемлекеттік секторындағы әйелдердің рөлі қандай? Жалпы гендерлік теңдік жағдайында компаниялар қандай артықшылықтарға ие бола алатыны жөнінде Қазақпарат сарапшысының материалында.
None
None

Қазақстанда мемлекеттің қатысы бар компанияларды басқарудағы әйелдердің үлесі 5-7%-ды құрайды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдай ел халқының жартысынан астамын құрайтын әйелдердің әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік бермейтінін айтып, басшылықтағы әйелдердің үлесін 30%-ға арттыруға тапсырма берген еді. Ол осыдан екі жыл бұрын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында былай деді: «Кеңес мүшелері бұл мәселені жан-жақты пысықтап, мемлекет қатысатын компаниялардың басқару органдарындағы әйелдердің үлесін 30%-ға дейін ұлғайту жөніндегі міндетті норманы енгізу қажеттігі жөнінде ұсыныс жасады. Мен бұл бастаманы кезең-кезеңімен жүзеге асыру туралы ойлануымыз керек деп есептеймін. Бұл бизнес секторын әйелдер үшін қолайлы етеді, мамандандырылған халықаралық рейтингтердегі Қазақстанның позициясын жақсартады».

Осыған байланысты үкімет адам құқықтарын қорғау саласындағы шаралары жөніндегі қаулысында әйелдердің қоғамдық және іскерлік кеңестерде, мемлекеттік органдар жанындағы консультативтік-кеңесші құрылымдарда және квазимемлекеттік секторда өкілдік етуіне назар аударып отыр. Аталған жаңа норма жобасы квазимемлекеттік секторда басшылардың кемінде 30%-ы әйел болуын қарастырады.

Қазақстан топ-менеджментіндегі гендерлік әртүрлілік

Жуырда елордада өткен EdTech Forum M.E.T.A. конференциясының бір сессиясы «META WOMAN – Жаңа Қазақстан: менеджменттегі әйелдер» тақырыбында өтіп, онда квазимемлекеттік компанияларды басқарудағы әйелдердің санын арттыру мәселесі талқыға түсті.

Жиынға қатысқан Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Александр Данилов шынымен де әйелдердің жоғары лауазымдарға көтерілуіне көзге көрінбейтін бірқатар кедергі бар екенін атап өтті. Ведомство өкілінің айтуынша, мұндай мәселелердің шешімін табу үшін кең көлемде талқылаулар ұйымдастыру қажет. «Әйелдердің квазимемлекеттік секторға кеңінен қатысуы әлеуметтік әділеттілік мәселесі ғана емес, сонымен қатар экономикалық мәселе. Сонымен қоса мұның адам капиталы, сыбайлас жемқорлықпен күрес және компаниялардың табысын арттыру секілді мәселелерге де қатысы бар. Біз «БҰҰ-Әйелдер» ұйымымен ортақ жоба аясында бірқатар кең ауқымды пікірталасты, соның ішінде Әйелдер құқықтары жөніндегі ұлттық комиссия алаңында талқылаулар өткізуді жоспарлап отырмыз. Қалай жақсырақ жұмыс істей алатынымызды, ақпараттық-насихаттық науқандарды қалай құру керек екенін сөз етеміз. Әлемдегі жағдай ай сайын өзгеріп отыр, сондықтан мен әрқайсыңыздан гендерлік теңдік пен гендерлік теңсіздіктің тек әйелдердің мәселесі емес екеніне назар аударуыңызды сұраймын»,-деді вице-министр.

Сонымен қоса ол мұндай өзекті мәселелерді талқылауға маңызды шешімдерді қабылдайтын ер адамдарды да тарту керегін айтып өтті.

Ал ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Азиза Шөжеева қазақстандық ерлер мен әйелдердің білім деңгейіне тоқталып өтті. Оның дерегінше, әйелдер ерлерге қарағанда білімдірек. «Мәселен, «Болашақ» стипендиаттарының 58%-ы әйелдер, алайда басшылық қызметте отырғандар санаулы ғана. Мемлекеттік саяси қызметшілердің – 9%-ы, ҚР Парламенті Мәжілісінің – 28%-ы, Сенаттың – 19%-ға жуығы – әйелдер. Егер квазимемлекеттік сектор туралы айтатын болсақ, онда ірі компаниялардың директорлар кеңесіндегі әйелдердің үлесі тек 7-10-%-ды құрайды»,-деді комиссия мүшесі.

Осы тұста статистикаға көз салсақ, ресми статистика да спикер сөзін дәлелдей түсетінін байқаймыз. Мәселен, пандемияға дейін республикада әйелдердің 73,2%-ында жоғары білімі бар екені белгілі болған. Ал ерлер арасында бұл көрсеткіш 61,1%-ды құраған.

Әзиза Шөжееваның пікірін гендерлік теңдік бойынша сарапшы Аида Әлжанова жалғады. Ол «Директорлар кеңесіндегі гендерлік әртүрлілік» тақырыбында жазған кандидаттық диссертациясының нәтижелерімен бөлісті. Маманның айтуынша, біздің қоғамда әйелдердің экономика, саясат, әлеуметтік және басқа да салаларында қоғамның тең құқылы қатысушысы ретінде қабылданбауы (мизогиния) сияқты құбылыс бар. «Осының салдарынан белгілі бір стереотиптер қалыптасады. Мәселен, қыздар ұяң, тыныш болуы керек, ал ұлдар керісінше. Яғни қоғам ер адамдарға көбірек рұқсат беріп, ер адамды көбірек кешіреді. Мұндай таптаурындар адамның өміріне теріс әсер етуі мүмкін. Сонымен қоса әйелге оның репродуктивті рөлі де әсер етеді. Ол мектепте және университетте қанша жерден жақсы оқыса да, басқалар оған отбасын құру туралы айтып, жан-жақтан қысым жасай бастайды. ЖОО бітірген білімді әйелдің мүмкіндігі көп, соны пайдалана бастағанда қоғам оған тұрмысқа шығып, бала көтеру керегін айтады. Алайда жұмыс пен отбасын қатар алып жүруге болатыны жөнінде өте сирек айтылады. Міне, қазақстандық қоғам осындай стереотиптерге толы»,-деді Аида Әлжанова.

Оның пайымынша, осындай таптаурындар салдарынан квазимемлекеттік сектор директорлар кеңесіндегі гендерлік әртүрлілік әкелетін көптеген артықшылықтан айырылады.

Осы тұста, еліміздегі жоғары білім беру жүйесінің басшылық деңгейіндегі әйелдер мен ерлердің үлесіне назар аударайықшы. Әйелдердің үлесі жеті жылда тек 8%-ға жуыққа артқан. Төмендегі диаграммадан әйелдер санының тұрақсыз екенін байқауға болады, бір жылы артса, келесі жылы кеміген. Мәселен, 2012 жылы 16%-ды құраса, 2013 жылы – 15,6%-ды, 2014 жылы – 14,1%-ды, 2015 жылы – 14,4%-ды құраған. Ал 2018 жылы өсім 20,5% болған. Енді ерлердің үлесіне тоқталсақ, олардың саны әр жылы әртүрлі болғанымен, яғни бір төмендеп, бір өскенімен, әйелдердің санынан әлдеқайда көп. Осыдан үш жыл бұрын жоғары білім беру жүйесіндегі басшылық деңгейдегі еркектердің үлесі әйелдерден үш есе көп болған.

Әлем елдеріндегі басшылық қызметтегі әйелдер мәселесі

Жалпы басшылық қызметтегі әйелдер санының аз болуы тек Қазақстандағы мәселе емес, әлемге ортақ проблема. Мәселен, БҰҰ әйелдер бағдарламасының маманы Дина Әмрешеваның айтуынша, 2021 жылдың сәуіріндегі статистикаға сәйкес, әлем бойынша ұлттық заң шығарушылардың 25%-ы, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының 36%-ы, министрлер кабинетінің 21%-ы – әйелдер болған. Әлемдегі тек төрт ел парламентінің кем дегенде 50%-ы әйелдерден тұрады. Сонымен қатар әлемде барлық парламентарийлердің де 25%-ы ғана әйелдер екені белгілі болған.

«2021 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша, БҰҰ-ға мүше 193 мемлекеттің 23-інің мемлекет немесе үкімет басшысы - әйел. Ал 118 мемлекетте ешқашан әйел басшы болмаған. БҰҰ-ның болжамына сәйкес, қазіргідей дамумен 50/50 паритетіне 2063 жылға дейін қол жеткізілмейді. Ал үкімет басшылары арасындаға әйелдер мен ерлердің 50/50 паритетіне 2150 жылға дейін қол жеткізу мүмкін емес»,-деді сарапшы.

«Әртүрлілік принципін басшылыққа алу қажет»

Qazaq Independent Directors тәуелсіз директорлар қауымдастығының мүшесі Лариса Мельниктің айтуынша, көптеген зерттеуге сәйкес, директорлар кеңесіндегі, жетекші және бас директор лауазымында әйелдердің болуы компаниялардың жұмысын айтарлықтай арттырады. Сондықтан компанияның ішкі саясатын өзгертіп, директорлар кеңесін жасақтау кезінде әртүрлі жынысты, жасты, тәжірибені ескеру керек, яғни әртүрлілік принципін басшылыққа алу қажет.

«Біз тәуелсіз директорларды іріктеу тәртібін ұсынып отырмыз. Яғни жеке мәліметтерді көрсетпей, тек тәжірибесін, біліктілігін, білімін көрсету арқылы таңдау жасау. Бұл іріктеуден өтетін әйелдердің санын айтарлықтай арттыратынын зерттеулер көрсетіп отыр. Кадр саясатын өзгерту қажет, бірақ ол үшін әрбір компанияны талдау, компания ішіндегі гендерлік теңдікті бағалау, жағдайды өзгерту және жақсарту үшін қандай кедергілер бар екенін түсіну маңызды»,-деп толықтырды сарапшы.

BCPD (Үздіксіз кәсіби даму бюросының) басшысы Эльмира Обри Лариса Мельник көтерген мәселені растап отыр. Оның айтуынша, 2019 жылы Халықаралық еңбек ұйымы әлемнің 70 еліндегі 13 компанияны зерттеген. Сол кезде басшылықтағы әйелдердің үлесі 30%-ды құрайтын компаниялардың айтарлықтай табысқа жеткені белгілі болған.

«Аталған ұйым әйелдердің менеджер ретіндегі тиімділігін цифрлар арқылы көрсетіп отыр. Мәселен, зерттеу нәтижесі бойынша, компаниялардың басым бөлігінің табысы 15%-ға дейін өскен. Біз әдетте оперативті тиімділікті қамтамасыз ету барысында сатылымды 2-3%-ға дейін арттыру үшін барымызды саламыз, ал мұнда тек гендерлік фактордың арқасында 15%-ға артқан. Басқаруда әйелдердің болуы шығармашылыққа, инновацияға оң әсер етеді. Бұл барлығымыздың қызмет көрсетуші компания ретінде ұмтылуымыз керек дүние»,-деді ол.

Қорыта келе, басшылықтағы әйелдер санының аз болуы әлемдік деңгейдегі үрдіс екенін байқаймыз. Бұл бір он жылдықта шешімін табатын проблемалардың да қатарынан емес екенін көріп отырмыз. Десе де, гендерлік теңдік жағдайында компаниялардың да, адамзаттың да ұтатыны сөзсіз екенін ғылыми зерттеулер көрсетіп отыр.



Соңғы жаңалықтар