Төреғали Төрәлінің қарындасы ағасы туралы ақпараттың жалған екенін айтты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Белгілі әнші Төреғали Төрәлінің қарындасы Дина Төрәлі кеше Алматыда болған оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жағдай былай. Күні кеше жеңешем екеуі әуежайға, Қызылордада күтіп отырған бала-шағасына асығып бара жатқан. Рөлде сау отырған адамды «мас күйінде ұсталды» деп жалған ақпарат таратуға ешкімнің құқығы жоқ. Халықтың көңілін Қазақстанда болып жатқан жағдайдан басқа жаққа аудару үшін жасалатын әдейі нәрселерден, жала жабулардан шаршадық

, - деп жазды Дина Төрәлі Instagram желісінде.

Сонымен бірге, ол полиция қызметкерлерінің басында байыппен сөйлеген ағасын түсіне алмағанына қапалы.

Интернетке таратқанда неге бүкіл видеоның басы жоқ? Неге тек ушыққан жері ғана? Мықты сценарий, жарайсыңдар

, - дейді Д. Төрәлі.

Жазба авторы ағасы туралы ақиқатты алдағы уақытта ақтара түсетінін мәлімдеді.

Осы уақытқа дейін бүкіл Қазақстанға шулаған ағама қатысты жағдайлардың артындағы нағыз шындықты бізден басқа ешкім білмейді. Шындықтың бетін ғана емес, түбімен қопарып тұрып сіздерге айтайын десем, екінші жағы да бар. Шындық ешқашан ешкімге жақпайды ғой, әсіресе біздікілерге. Қалғанын ағам бостандыққа шыққанда жалғастырамын

, - деп жазды әншінің қарындасы.

Еске салсақ, Алматыда есірткіге масайған көлік жүргізуші полицейлерге бой бермей, оқиғаға орнынан қашпақ болғаны хабарланған еді. Патрульдік полиция қызметкерлері жүргізушінің ұстады және медициналық сараптама нәтижесінде оның есірткіге мас екендігі белгілі болды.

Алматы қалалық сотының мәліметінше, есірткіге масайған көлік жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылды. Ол 20 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айрылды. Сот отырысында құқық бұзушы іс материалдарында баяндалған фактілерді растап, өкінетінін айтқан.

Айта кетсек, пабликтер ресми ақпаратта «А. есімді азамат» деп берілген көлік жүргізушінің Төреғали Төрәлі (Алиханов – ред.) екенін жаппай жазды.



Соңғы жаңалықтар