Төреғали Төреәлі изолятордағы 20 күндік жазасына тағы үш күн қосып алды

None
Фото: baigenews.kz
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әнші Төреғали Төреәлі қосымша тағы бірнеше күнге қамауға алынды. Бұл туралы Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық әнші Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 613-бабы, 1-бөлігі (полиция қызметкерінің талаптарын орындамағаны үшін) бойынша қосымша жауапкершілікке тартылды.

«Іс материалдарын зерделеп, сот 14 маусымда Әлихановтың (Төреғали Төреәлінің тегі – авт) есірткіге мас күйінде автокөлік жүргізгенін анықтады. Ол патруль полициясының көлік құралын тоқтату туралы заңды талаптарын орындамады», - деп хабарлады соттан.

Нәтижесінде Төреғали Төреәлі кінәлі деп танылып, оған үш тәулікке қамауға алу түрінде әкімшілік жаза қолданылады.

Еске сала кетейік, 14 маусым күні Алматыда есірткіге масайған көлік жүргізуші полицейлерге бой бермей, оқиғаға орнынан қашпақ болғаны хабарланған еді.

Патрульдік полиция қызметкерлері жүргізушіні ұстап, медициналық сараптама нәтижесінде оның есірткіге мас екені белгілі болды.

Сол күні есірткіге масайған көлік жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылды. Ол 20 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айрылды.

Сот отырысында құқық бұзушы іс материалдарында баяндалған фактілерді растап, өкінетінін айтқан.

Кейін Төреғали Төреәлінің қарындасы әлеуметтік желіде ағасы туралы ақпараттың жалған екенін жазды.


Соңғы жаңалықтар