Төрегелді Шарманов - абыз ақсақал ретінде ұрпаққа шынайы жанашырлығын танытты

төрегелді шарманов
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Қазақстан тағамтану академиясының президенті, әлемдік денсаулық сақтау саласының аңызы және қазақстандық медицинаның мақтанышы, академик Төрегелді Шарманов 94 жасқа қараған шағында өмірден озды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті ғалым, Қазақстанның Еңбек Ері Төрегелді Шармановтың дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты. 

«Төрегелді Шарманұлы бүкіл саналы ғұмырын ұлт денсаулығына арнаған бірегей тұлға, биік парасат иесі еді. Отандық медицинаның алға басуына бар қажыр-қайратын жұмсап, көптеген игі іске бастамашы болды. Қазақ тағамтану ғылымының көкжиегін кеңейтіп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ЮНИСЕФ және басқа да халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық байланыс орната білді. Өзінің жаңаша мектебін қалыптастырып, ұлағатты ұрпақ тәрбиеледі. Айналасына сыйлы, ғибратты ғұмыр кешкен Төрегелді Шарманұлының жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», - деп жазылған жеделхатта.

Денсаулық сақтау министрлігін 12 жыл басқарды

1930 жылы медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Медицина Ғылым Академиясының және Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ тағамтану академиясының және Профилакториялық медицина академиясының негізін қалаушысы және оның президенті, ДДҰ тағамтану жөніндегі эксперттер комитетінің мүшесі Төрегелді Шарманұлы Шарманов дүниеге келді.

Қарағанды облысының Ұлытау ауданында туған. Қарағанды мемлекеттік медицина институтын және оның аспирантурасын бітірген. 1958-1962 жылдары - Қарағанды облысы Ұлытау ауданында орталық аурухананың бас дәрігері. 1962-1968 жылдары Қазақстан Денсаулық сақтау министрінің Өлкелік патология ғылыми-зерттеу институтында бөлім меңгерушісі. 1968-1971 жылдары Ақтөбе медицина институтының ректоры. 1971-1982 жылдары - Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі. 1973-1984 және 1988 жылдан КСРО Медицина ҒА-ның Тағам институты Қазақ бөлімшесінің директоры (қазіргі Қазақ тағамтану академиясының президенті). 1985-1988 жылдары - Бүкілодақтық «Тағамтану сұрақтары» атты журналының бас редакторы және Мәскеу қаласындағы Дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру институтының тағамтану кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған.

1995 жылдың мамыр айынан - Қазақстанның Профилакториялық медицина академиясының негізін қалаушысы және оның президенті. 1997 жылдан бастап «Здоровье и болезнь» журналының бас редакторы.

Негізгі ғылыми еңбектері тамақтану физиологиясына арналған. Ол тамақтану тәртібінің бұзылу себептерін зерттеп, адам денесінде ақуыз, дәрумен жетіспеу жөнінде тұжырым жасады; мешел ауруының даму механизмін ашты. Оның басшылығымен емшектегі балаларға арналған «Бөбек», «Аруана», «Антихолестерин» тағам қоспалары шығарылды. Оның бастамасымен 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық ұйымы (ДДҰ) мен ЮНИСЕФ-тің Халықаралық Алматы конференциясы өтіп, онда медицина - санатының алғашқы жәрдемнің ұлттық жүйесін ұйымдастырудың ұстанымдары алғаш рет тұжырымдалған Алматы декларациясы қабылданды. Оның жетекшілігімен 60-қа жуық докторлық және 170-тен астам кандидатттық диссертациялар қорғалды.

ДДҰ-ның Л.Бернард атындағы сыйлығының (2005) және «Қазақстан Республикасында тағам туралы ғылымның іргелі де қолданбалы аспектілерін дайындау» еңбектер топтамасы үшін Қазақстан Мемлекеттік сыйлығынның иегері және «Ғылым» номинациясындағы «Платина Тарланы» тәуелсіз сыйлығының иегері.

2022 жылы еліміздің бірқатар азаматын мемлекеттік наградамен марапаттау рәсімінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ғалым Төрегелді Шармановтың медицина саласына сіңірген еңбегі дүниежүзілік деңгейде жоғары бағаланып жатқанын атап өтті. 

«Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов Қазақстанның еңбек ері атағына ие болды. Академик дәрігер ұлт саулығын сақтауға, салауатты өмір салтын дәріптеуге айрықша үлес қосып келе жатыр. Әсіресе, індет кезінде жұртқа қажетті мағлұмат беріп, елдің амандығына тілеулес болды. Абыз ақсақал ретінде ұрпаққа шынайы жанашырлығын танытты. Оның медицина саласына сіңірген еңбегі елімізге ғана емес, дүниежүзілік деңгейде жоғары бағаланады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Шармановтың халықаралық сыйлығы

2021 жылы Медициналық-санитарлық көмекті дамытуға үлес қосқан шетелдік дәрігерлер, сондай-ақ COVID-19 диагностикасы мен емдеу хаттамасын әзірлеуші отандық инфекционистер Төрегелді Шармановтың халықаралық сыйлығына ие болды.

2021 жылғы 16 ақпанда Қазақстанда Төрегелді Шармановтың халықаралық қоры құрылды, оның қызметі денсаулыққа қатысты жалпыға бірдей құқық идеясын дамытуға бағытталған. Қор қызметі аясында Шармановтың халықаралық сыйлығының лауреаттарына марапаттар салтанатты түрде табыс етілді.

Алқалы марапатқа алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуға қосқан үлесі үшін Джонс Хопкинс университетінің шетелдік ғалымдары Дэвид Бишай мен Майк Шлайф, сондай-ақ қазақстандық дәрігерлер, COVID-19 диагностикасы мен емдеу хаттамасын әзірлеуші инфекционистер – Бақыт Көшерова мен Амангүл Дүйсенова ие болды.

Төрегелді Шармановтың халықаралық қорының миссиясы – денсаулық сақтау және дұрыс тамақтану саласындағы жас және болашағы зор ғалымдардың жобаларын қолдау.

Бұдан басқа, қор диетологиямен айналысатын әлемдік академиялық орталықтарда мамандардың тағылымдамасына гранттар беру жоспарда бар.

қымыз
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Жылқы еті мен қымыздан асқан дәрумен жоқ

Елімізде коронавирус инфекциясының таралуына тосқауыл қою мақсатында Төрегелді Шарманов бірнеше рет сұхбат берген болатын.

«Атам қазақтың «Жылқы еті – төсегіңе жатқанша, сиыр еті – бозарып таң атқанша, қойдың еті – келесі күн батқанша» деген қанатты сөз бар. Міне, әр еттің ерекшелігін осыдан-ақ аңғаруға болады», - деп айтқан еді ғалым.

Ғалымның сөзіне қарағанда, науқас адамның асқа тәбеті болмауы мүмкін.

«Ондай жағдайда, құрт қосылған сорпаны өзін-өзі қинаса да, ішуге тура келеді. Ағзаның қорғаныс қабілетін арттыру үшін барынша құнарлы тағам тұтыну қажет. Ол – жылқы еті, ол – қой еті, ол – балық еті, ол – көкөніс. Қымыз бен құрт қосылған сорпаны қайталап айтамын. Әсіресе, қымыз – С дәруменіне өте бай сусын. Ал, жылқы етінің құнары – бекіре балықтың етімен деңгейлес. Дәмі одан да асып түседі. Қойдың еті қорғасын екен деп, одан да қол үзуге болмайды. Мейлінше, сұйық тағамды көбірек ішу керек», - деп кеңес берді ол.

Сонымен қатар Қазақ тағамтану академиясының президенті дәл қазіргі уақытта адам денсаулығына қандай тағамдар пайдалы екенін баяндады. 

«Сенің өмір сүруіңнің сапасы – ішкен асыңмен өлшенеді. Біз әдетте балалардың амандығын, тоқтығын бірінші орынға қоямыз. Ал қазіргі жағдайда үйдегі кәрілердің қамын бірінші ойлау керек. Себебі балалардың бойында ауруға төтеп берер иммунитет жоғары. Ал үлкен кісілерді бұл індеттен сақтау керек. Моральдық тұрғыда алғанда да үлкен кісілердің амандығын бірінші ойлау керек», - деді ғалым Kazinform агенттігіне берген сұхбаттарының бірінде.

Как определить поддельные лекарства
Фото: pixabay.com

Төрегелді Шарманов: Дәріден артық пайда тапқысы келгендерді халық алдында соттау керек

Ғалым қазіргі жағдайда дәрі-дәрмек қымбатқа немесе заңсыз сатып пайдаға кенелгісі келіп жүргендерді жазалауға қатысты пікір білдірген еді.

«Моральдық тұрғыдан алғанда бұл адам жиіркенетін жағдай. Мұндай қылық біздің халыққа мүлде жат көрініс болатын. Осындай жағдайды жасап отырған адамдарда жүрек жоқ. Мидағы білімді жүрекке түсір дейді. Бұл – қалтасын ойлаған қатігез адамдар. Мұндай оқиғаларды жойып, аластату керек. Бұл адамдарды аяуға болмайды. Адамзат қырылып жатса, дәрілерді тығып, қымбатқа сатуға тырыссаң – адамдығың қайда қалды?» - деп айтқан болатын Төрегелді Шарманов.

Қазақ тағамтану академиясының президенті мұндай адамдарды халық алдында соттау керек деген пікір білдірді.

«Өкінішті-ақ бірақ қазақтың менталитетіне жат қылықтардың куәсі болып отырмыз. Олар – адам деген ұғымнан жат. «Қасқыр да қас қылмайды» жолдасына дейміз. Ал бізде өз басын ойлап, отандастарының ахуалымен мүлде санаспайтындар кездесті», - деген еді академик.

тамақ
Фото: Pexels

Ұлт денсаулығы

Қазақ тағамтану академиясының академигі Kazinform агенттігіне берген сұхбаттарының бірінде ұзақ өмір сүруге және денсаулықты нығайтуға өмір бойы ұмтылу керек екенін айтқан болатын. 

«Өмірге дені сау ұрпақ әкелу үшін, оның денсаулығын, анасының құрсағында жатқан кезден бастап қамқорлыққа алу керек. Қазіргі таңда, майлы тамақты аз пайдаланып, көкөніс пен бидайдың төменгі сұрыптарын пайдаланған маңызды. Яғни, талшықты өнімдер пайдалы деген сөз. Жоғарғы сұрыпты ұннан жасалған нанды, қантты өте аз пайдалану қажет. Адамдар «майлы тамақ семіздікке әкеп соғады», - деп санайды. Жоқ, тек олар ғана емес. Қанттың көмірсулары мен құрамында қанты бар сұйықтықтарды аз пайдалану керек. Мысалы, кока-кола, пепси-кола, фаст-фуд, хот-догтар өте қауіпті. Қуырылған тамақтар жүрек-қан тамырлары ауруына, тіпті қатерлі ісік дертіне әкеп соқтырады. Қазір адамдар холестерині бар тамақтарды жеуден қорқады. Негізі олардың өздері қауіпті емес. Оларды қауіпті ететін транс-майлы қышқылдар. Бұл қышқылдар сиырдың сүтінде болады. Сондықтан, күніне кем дегенде 400 грамм көкөніс пен жеміс-жидектерді пайдалану қажет. Ал бізде бұл көрсеткіш әзірге жан басына шаққанда 150-200 грамнан аспайды. Бұл аз», - деген еді ғалым.

Т. Шарманов еңбек жолын дәрігер болып бастап, еліміздің денсаулық сақтау министріне дейінгі қызметтердің бәрін де абыроймен атқарып, халықтың шынайы құрметіне бөленді. Ғылым жолындағы қызметіндегі елеулі жетістіктерге жетті. Жүздеген ғылыми еңбек жазды. Өз қызметінде білімді маман, қашанда ел мүддесін басты міндет санайтын тұлға ретінде танылды. Ғалымның әлемдік медицина саласына қосқан үлесі жастарға әрдайым өнеге болары анық.

Соңғы жаңалықтар