Төрехан Сабырхан англиялық боксшыны жеңіп, әлем чемпионаты финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Англияның Ливерпуль қаласында World Boxing аясында өтіп жатқан әлем чемпионатында Төрехан Сабырхан (70 келі) финалға шықты.
Қазақстандық жас боксшы финал жолдамасын англиялық Одель Камарамен сарапқа салған еді.
Жекпе-жек барысында ол қарсыласын 4:1 есебімен тізе бүктірді. Енді ол әлем чемпионы атағын жапондық Сеуонретс Оказавамен сарапқа салады.
Төрехан Сабырхан 2006 жылы дүниеге келген. Қазірге дейін ол жастар арасында әлем чемпионы (2024), жастар мен жасөспірімдер арасында Азияның төрт дүркін чемпионы болған.
Сондай-ақ 2025 жылғы Странджа кубогының жеңімпазы атанды.
Айта кетсек, бұдан бұрын Назым Қызайбай (48 келі), Санжар Тәшкенбай (50 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі), Алуа Балқыбекова (51 келі) финалға жолдама алған еді.
Енді ел құрамасынан Наталья Богданова (70 келі) финал жолдамасын сарапқа салады.
Сондай-ақ ондай мүмкіндікке 12 қыркүйекте Аида Әбікеева (65 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) ие болды.
Ал Виктория Графеева (60 келі) мен Елдана Тәліпова (80 келіден жоғары) қола жүлдені қанағат тұтты.
Дүбірлі дода 4-14 қыркүйек аралығында Англияның Ливерпуль қаласында өтіп жатыр. Жекпе-жектер «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.