Төрехан Сабырхан жастар арасындағы әлем чемпионатының жартылай финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM - Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатындаТөрехан Сабырхан (67 келі) жартылай финалға өтті.
Қазақстандық боксшы ширек финалда өзбекстандық Акбар Ахмадовты жеңді. Енді ол жартылай финалда қытайлық боксшымен қолғап түйістіреді.
Төрехан бұдан бұрын черногориялық Милош Роганович пен ауғанстандық Самир Хамдамды тізе бүктірді.
Қазақстандық боксшы жастар мен жасөспірімдер арасында төрт мәрте Азия чемпионаты атанды.
Айта кетсек, бұдан бұрын әлем чемпионатында ширек финалда Диас Берікбай (48 келі) испандық қарсыласын 3:2 есебімен жеңді. Оның жартылай финалдағы қарсыласы - Сайфиддин Сабиров (Өзбекстан).
Еске салсақ, бұдан бұрын Әнел Абдрасилова мен Аружан Жаңабаев жартылай финалға өтті.
Әлем чемпионаты 3 қарашаға дейін созылады.