Төреқұлов Нәзір

Төреқұлов Нәзір (1892-1937) – өткен ғасырдың басында ұлт үшін өлшеусіз қызмет жасаған Алаш қайраткерлерінің бірі, КСРО-дағы тұңғыш қазақ елшісі.
None
None
Ол Қоқандағы жәдидтік мектепте және екі жылдық орыс-түзем мектебінде бастауыш білім алды. 1913 жылы сондағы коммерция училищесін бітіріп, Мәскеудегі коммерция институтына оқуға түсті. Бірақ, 1916 жылғы маусымның 25-індегі патша жарлығы бойынша майданның қара жұмысына алынған жерлестеріне көмек көрсету мақсатымен оқуын тастап, Батыс майданға барды. Минскіде Земство одағына нұсқаушы болып жұмысқа кіріп, тыл жұмысына алынғандарға тілмаштық қызмет көрсетіп, олардың мүддесін қорғау бағытындағы іс-шараларға белсене ат салысты. Сонда жүріп қазақ жастарының «Еркін дала» атты астыртын ұйымын құруға жетекшілік етті. 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін Орынборға оралып, «Еркін дала» ұйымының алғашқы құрылтайын ұйымдастырды. 1918 жылы сәуірдің 16-ында «Қазақ мұңы» газетін шығаруды қолға алды. Осы жылы жазда Қоқанға оралып, сонда жұмысшы, диқан және солдат депутаттары кеңесіне қызметке тұрып, оның органы болып табылатын «Халық газетін» және Түркістан КП органы «Инқилоб» (Революция) журналын шығаруға араласты. Н.Төреқұлов Ресей отаршылдығының Түркістан халықтарына қаншалықты қасірет алып келетінін жан-жүрегімен сезінді. Бұл туралы ойларын ол Ташкентте, Мәскеуде шығатын басылымдарда жарияланған мақалалары мен баяндамаларында бүкпесіз айтты. Патшалық Ресей мен большевиктер иеленген Ресей Түркістанды шикізат өндіретін ел ретінде санап, оның мәдени өркендеуіне мүдделі болмағанын, қайта халықтың өсіп-өркендеуін тежеп, кедергі келтіріп отырғанын тұңғыш рет ашып, аяусыз әшкереледі. Қоғам қайраткері көп ұлтты Түркістан Республикасының саяси тынысында партиялық және мемлекеттік жоғары билік тұтқаларын ұстады. Жергілікті ұлт өкілдерінің алғашқылары қатарында Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына сайланды. Одан кейін де Түркістан Республикасы Орталық атқару комитетін, Оқу-ағарту халық комиссариатын басқарды. Осы кезеңде ол көрнекті қоғам қайраткерлері Т.Рысқұлов, С.Қожанов, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедовтармен бірге оқу-ағарту ісіне аса мән беріп, Ташкентте тұңғыш қазақ жоғары оқу орнын ашуға ұйытқы болды. Лауазымды қызметтер атқара жүріп дін мәселесіне де көп көңіл бөлді. Түркістан ОАК-нің төрағасы ретінде барлық мекемелерде демалыс күнін жексенбіден жұмаға ауыстыру туралы және Құрбан айттың үш күнін демалыс күндері деп жариялау туралы қаулыларға қол қойды. 1921 жылы «Қызыл байрақ» журналында «Ислам және коммунизм» атты мақала жариялап, онда исламның қоғамдағы атқарып отырған рөліне оң баға берді. 1922-1928 жылдары Мәскеуде КСРО ОАК жанындағы Орталық баспа басқармасының төрағасы қызметін атқарды. Бұл қызметке кіріскеннен кейін В.Лениннің қабылдауында болып, автономия алған халықтардың тілін мемлекеттік тілге айналдыру мәселесін көтерді. Түркі тілдес халықтардың ортақ әліпбиін жасау жөніндегі комисияға төрағалық етіп, араб әліпбиінен латын әліпбиіне көшуді жақтады. Аталған басқарма төрағасы ретінде қазақ тілінде «Темірқазық» атты журнал шығаруды ұйымдастырып, оған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев секілді қазақ зиялыларын тартты. Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде дәріс оқып, біраз уақыт осы оқу орнында проректорлық қызмет атқарды. 1928 жылы небәрі 36 жасында ол Хиджаз (Сауд Арабиясы), әрі қосылған аймақтардағы КСРО-ның өкілетті уәкілі болып тағайындалды. Ол кезде мұндай жауапты қызметке жас адамның тағайындалуы дипломатиялық тәжірибеде өте сирек кездесетін жайт болатын. 1932 жылы Нәзір Төреқұлов КСРО-ның Сауд Арабиядағы өкілетті елшісі болып тағайындалды. Жаңадан іргесі қаланып, әлемді тек мұнайымен ғана емес, рухани байлығымен де аузына қаратқан Сауд Арабиясына КСРО-ның елшісі болу кезекті қызмет емес еді. Бұл елге елші таңдаудың өзі үлкен саясаттың жемісі болатын. Тағайындау алдында мұсылмандығы, қабілеті, білім дәрежесі, қазақ халқының өкілі екендігі ескерілген. Н.Төреқұловтың 1932 жылы маусымда Сауд Арабиясы королінің мұрагері Фейсал әл-Саудтың КСРО-ға 10 күндік сапарын ұйымдастыруы елшілік қызметіндегі үлкен табысы, айрықша қайраткерлігі еді. Ол елші болған жылдары араб тілін жетік меңгеріп, бірнеше мәрте кіші және үлкен қажылық рәсімін орындады. Елшілік қызметін аяқтағаннан кейін КСРО Ұлттар кеңесінің жанындағы Орталық тіл және жазу ғылыми-зерттеу институтына қызметке орналасты. Н.Төреқұлов қазақ, өзбек, тәжік тілдерін «ана тілім» деп білген, татар, башқұрт, қырғыз, әзірбайжан тілдерінде оқыған, ағылшын тілін игерген, аз уақытта араб тілін меңгерген полиглот, алған білімін іске жаратқан үлкен ғалым болды. Өмірінің соңында түрік тілдерін салыстыра морфологиялық зерттеу жүргізді. «Түрік халықтары кіндік баспасы» бас редакторы кезінде 12 тілде кітап ұйымдастырып, басып шығарып отырды. Халық даналығы дерлік түркі халықтары мақал-мәтелдерін, жұмбақтарын кітап етіп бастырды. Оның «Бұхара Советтік Халық Республикасы», «Қоқан автономиясы», «Ферғана мәселесі» деген тарихи шығармалары бар. Сонымен қатар ол өзбек мектебі үшін алғашқы оқулықтар жазды. Көрнекті қоғам қайраткері 1937 жылы «алашордашыларды» қамқорлығына алып, қолдау көрсеткені үшін ұлтшыл деген айыппен тұтқындалып, ату жазасына кесілді. 1958 жылы қаңтардың 28-інде КСРО Жоғарғы сотының шешімімен ақталды. 2001 жылы танымал дипломат Т.Мансұровтың «Елші Н.Төреқұловтың Арабия дастаны» атты кітабы жарық көрді. Бүгінде Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларында Төреқұлов есімімен аталатын көшелер бар. Оның есімі Шымкенттегі, Түркістандағы және Шолаққорғандағы орта мектептерге берілген. Түркістан қаласында мұражайы істейді.Дереккөзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 8 том «Тарихи тұлғалар» кітабы
Соңғы жаңалықтар