Төрелік институтын жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр — Үкімет басшысы

АСТАНА. KAZINFORM — Төрелік палатасының өкілеттіктері кеңейтілмек. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

документы, бизнес
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы № 2 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі шаралар туралы іс-қимыл жоспарының 16-тармағын орындау аясында Әділет министрлігі төрелік талқылауда азаматтардың құқықтарын қорғау тұрғысынан төрелік институтын жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде. Аталған жұмыс аясында қолданыстағы заңнама, халықаралық құжаттар, құқық қолдану практикасы, сондай-ақ азаматтардың өтініштері зерделенді, — деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша мынадай ұсыныстар әзірленді:

— төрешілерге қойылатын талаптарды күшейту;

— тұрақты жұмыс істейтін төреліктерге қойылатын талаптарды күшейту;

— Төрелік палатасының өкілеттіктерін кеңейту;

— тараптардың құқықтарын күшейту.

— Аталған ұсыныстар азаматтардың дауларын білікті әрі тәуелсіз төрешілердің қарайтынына берілетін кепілдіктерді арттыруға, «сатылып кететін» төреліктердің құрылу ықтималдығын азайтуға, азаматтардың құқықтары бұзылса, оны тиімді қорғау үшін қосымша мүмкіндіктер беруге, сондай-ақ дауларды шешудің баламалы тәсілі ретінде азаматтар арасында төрелікті танымал етуге бағытталған, — деді Премьер-министр.

Сондай-ақ Үкімет басшысы депутаттық сауалда ұсынылған бастамалар төрелік келісімнің «әлсіз» тараптарын қорғауға және заңнамалық талаптарды күшейтуге бағытталғанын атап өтеді.

— Осыған байланысты төрешілерге қосымша біліктілік талаптарын белгілеу, кәсіби жауапкершілікті міндетті сақтандыру, соттың төрешілерден бас тарту туралы өтініштерді қарауы, жеке тұлғалармен жасалған қосылу туралы шарттарды (риэлторлық шарттар, сервистік қызмет көрсету шарттар) жарамсыз деп тану жағдайларын кеңейту, тараптарға хабарламалар жіберу, сондай-ақ төреліктердің атауына қойылатын талаптарды белгілеу жөніндегі депутаттардың ұсыныстары төрелік туралы заңнаманы жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында ескерілетін және қаралатын болады, — деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін Қарашығанақ мұнай кенішін игерушілер мен Қазақстан арасындағы екінші халықаралық төрелік іс әлемдік инвесторларға айқын белгі болатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар
Референдум