Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Төрешілерге қатысты дау Оңтүстік Корея мен Жапония футболын дүрліктірді

АСТАНА. KAZINFORM — Жапония футбол қауымдастығы (JFA) Оңтүстік Кореяда жұмыс істеген кезінде төрт жапониялық төрешіге «сексуалдық қызметтер» үшін ақы төленуі мүмкін деген ақпарат тарағаннан кейін оларға қатысты тергеу бастады. Бұл жайлы Kyodo агенттігі хабарлады.

футбол
Фото: Kyodo

Жағдайдан хабардар дереккөздің мәліметінше, JFA тергеу қорытындысын жариялауды жоспарлап отыр.

Тексеруге 8 тамызда Оңтүстік Кореяның MBC телеарнасында көрсетілген сюжет себеп болған. Телеарна Оңтүстік Кореяның Мәдениет, спорт және туризм министрлігінің 2016 жылғы аудит есебіне сілтеме жасаған. Құжатқа сәйкес, Корея футбол қауымдастығы (KFA) онға жуық шетелдік төрешіге, оның ішінде жапониялық төрешілерге де осындай қызметтер көрсетуді ұйымдастырған.

MBC мәліметінше, бұл 2011-2012 жылдары Оңтүстік Кореяда өткен жеті матчқа төрелік еткен төрешілерге қатысты. Олардың қатарында әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі кездесулер де болған. Төрешілерге Сеул, Ульсан және басқа қалалардағы массаж салондарындағы қызметтердің ақысы төленген. Шығындар KFA-ның корпоративтік несие карталары арқылы рәсімделген.

Осы жағдайға қатысы бар төрт жапониялық төрешінің бірі әлі де JFA-да жұмыс істеп, қауымдастықтың төрешілер комитетінің құрамында отыр.

MBC мәліметінше, 2012 жылғы әлем чемпионатының Азия іріктеу кезеңінің үшінші турында Оңтүстік Корея мен Кувейт арасындағы матчқа төрелік еткен төрт жапониялық төрешінің екеуі массаж қызметін алған. Ол кездесуде Оңтүстік Корея 2:0 есебімен жеңіп, іріктеудің финалдық кезеңіне шықты.

Есепте аталған жеті матчтың үшеуі әлем чемпионаты немесе Олимпиада ойындарының іріктеу кездесулері болса, қалған төртеуі жолдастық сипатта болған.

Еске салайық, бұған дейін әлемдегі ең қымбат футболшы туралы жазғанбыз.