«Төрт ағайынды» ісі: Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері өз басшысын танымайтын боп шықты

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, қару сақтады деп айыпталып жатқан Еркін Ізбасар, Аухат Қалиевке қатысты істе 20-дан астам айыпталушы бар. Олардың кейбірі топ басшысын танымайтын болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 
None
None

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Еркін Ізбасар мен Аухат Қалиевті ұстау операциясының бейнематериалы көрсетілді. Іс материалдары кезінде екеуінен қару табылып, тергеушілер мен криминалистер тапаншаны арнайы конвертке салып, мөр басқаны көрсетілді. Сот отырысы кезінде ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, қару сақтады деген эпизод бойынша Кәдіржан Пангерейұлы мен Қайыркелді Ізтұрғановтан жауап алынды.

«Айыптау актісі бойынша ұйымдасқан қылмыстық топ 2003 жылы құрылған. Мен ол кезде мектепте оқушы болдым, қылмыстық топ туралы ештеңе білмеймін. Аухат Қалиевті танымаймын, көрген емеспін. Ал Кәдіржан Пангерейұлы екеуміз бір ауылда тұрдық, танимын. Еркін Ізбасар туралы газеттен білемін. Ол меценат, спортшы. Көбін осы сотта көрдім. Ешқандай қылмысқа қатысқан жоқпын»,- деді айыпталушы Қайыркелді Ізтұрғанов.
Ал Кәдіржан Пангерейұлы ауылдасы Еркін Ізбасарды таниды. Аухат Қалиевті Еркін Ізбасардың бауыры, көмекшісі ретінде біледі.

«Еркін Ізбасарды Байғанин ауданының тумасы, спортшы ретінде танимын. 2004 жылы әкем қайтыс болып, 2005 жылы үйлендім. Ауылда анамды жалғыз қалдыра алмадым. Сол жылдары Алматы қаласында болған іске еш қатысым жоқ. Ал Еникеев ісі бойынша Еркін Ізбасардан ешқандай тапсырма алғаным жоқ. Сотта көрсетілген қаруды Еркіннен, Аухаттан көрмедім»,- деді Кәдіржан Пангерейұлы.

Айта кетейік, сот отырысы кезінде 4 қарудың тәркіленгені айтылды. Екеуі Аухат Қалиевтен, біреуі Еркін Ізбасардан, бір қару Қартжан Қалдымұраттан тәркіленді. Қ.Қалдымұраттан табылған газ травматикалық қару туралы Ішкі істер органдары алдымен жойылды деп ақпарат таратып, кейін бұл қарудың иесі Дүйманов екенін анықтады. Иесі қаруды жоғалтып алғанын, іздемегенін хабарлаған. Осы дерекке қатысты жауапты құқық қорғау органдары береді.

Соңғы жаңалықтар