17:44, 11 Наурыз 2013 | GMT +5
Төрт баласын тастап кеткен ресейлік азаматша ата-аналық құқығынан айрылды - БҚО
ОРАЛ. 11 наурыз. ҚазАқпарат - БҚО кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Ресей азаматтығын алып, төрт баласын тастап кеткен азаматшаны ата-аналық құқығынан айырды.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен Гүлмира Кенжеғалиеваның хабарлағанындай, аталған азаматша 2007 жылы Ресейге төрт баласын ала кетіп, оларды жетімдер үйіне тапсырған. Өзі көрші елдің азаматтығын алып, сонда тұруға қалған. Бес жыл өткеннен кейін жетімдер үйінің әкімшілігі Қазақстанда тұратын балалардың әкесіне хабарласқан. Соның нәтижесінде әкесі балаларды әкеліп, өз анасының тәрбиесіне берген. Алайда әжелері қайтқаннан кейін балалар ересектердің қамқорлығынсыз қалған. Сол себепті прокуратура оларды балалар үйіне жатқызу үшін әке-шешесін ата-аналық құқығынан айыру туралы сотқа арыз түсірді. Сот шешімімен балаларын қараусыз қалдырғандар ата-аналық құқығынан айрылып, олардан алимент өндірілді.