Төрт елдің ғалымдары Қаныш Сәтбаевтың феноменін талқыламақ

Іс-шараның мақсаты - Қ.И. Сәтбаевтың ғылыми идеялары мен мұраларын жан-жақты танымал ету, сондай-ақ Еуразия аумағында тау-кен өнеркәсібі және ежелгі металлургия мәселелерін талқылау.
Симпозиумға Қазақстан, Ресей, Украина және Жапонияның жетекші ғалымдары, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысады. Ғалымдар Қ.Сәтбаевтың феномені, оның ғылымға қосқан үлесі тақырыптарын талқылап, қазіргі археологиялық жаңалықтар туралы пікірталас ұйымдастырмақ.
Симпозиумның бірінші бөлімі бүгін Қарағандыдағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде өтіп жатыр. 4 қыркүйекте симпозиумға қатысушылар Сәтбаев қаласында жиналады.
Ағымдағы жылы Сәтбаев қаласына 45 жыл толады. Қаланың өткені үлкен өнеркәсіптік аймақтың тарихымен тығыз байланысты. Қала Қаныш Сәтбаевтың есімімен аталады.
Қаныш Имантайұлы Сәтбаев - атақты геолог-ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті.