Төрт титулды иелену керек: Жәнібек Әлімханұлы спорттағы мақсатын айтты
АСТАНА. KAZINFORM – WBO/IBF орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы желідегі парақшасына алдағы жекпе-жегі жайында жазба жариялады.
- Нағыз чемпион төрт титулдың бәрін иеленуге ұмтылуы керек! Егер сенде 1-2 ғана белбеу болса, демек салмағыңда басқа да чемпиондар әлі бар деген сөз.
Чемпион ешқандай титулды өзгеге қалдырмай, барлығын жинауға тырысуы керек! Чемпиондық ұстаным осындай болу шарт деп есептеймін, - деп жазды ол.
Шетелдік ақпарат көздерінің дерегінше, Kazakh style атанған былғары қолғап шебері 6 желтоқсанда WBA белбеуін жеңіп алу үшін кубалық Эрисланди Ларомен қолғап түйістіреді.
Айта кетейік, Қазіргі уақытта Жәнібек АҚШ-та алдағы айқасына дайындығын бастап кетті. Ол жекпе-жектің сәтті өтетініне толық сенімді екенін жеткізді.