Төрт тұтқын 12 метрлік туннель қазып, түрмеден қашып кеткен

АСТАНА. ҚазАқпарат - Индонезиялық полицейлер Бали аралындағы түрмеден оның қабырғаларының астынан туннель қазып, қашып кеткен төрт тұтқынды іздестіруде.

Төрт тұтқын 12 метрлік туннель қазып, түрмеден  қашып кеткен

Қашып кеткендер аустралиялық Шон Эдвард Дэвидсон, болгар Димитар Николов Илиев, үндістандық Сайед Мухаммад Саид және малайзиялық Ти Кок Тинг болып шықты.

Түрмеден қашу 19 маусым күні таңертең ұзындығы 12 метр және ені 50 сантиметрлік тоннель арқылы жүзеге асқан.

33 жастағы Шон Эдвард Дэвидсонның жазасын өтейтін  небәрі екі айы ғана қалған еді, ол Индонезияға басқа біреудің төлқұжатымен келгені үшін сотталған. 31 жастағы Сайед Мухаммад Саид есірткі контрабандасы үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылса, 43 жастағы Илиев қаржылық қылмыс жасағаны үшін 7 жылға сотталды. 50 жастағы Ти Кок Тинг есірткіге байланысты қылмыс жасағаны үшін 7 жарым жылға абақтыға жабылған, деп жазды Daily Mail.

Алғашқы 323 сотталушыға арналып салынған "Керобокан" түрмесінде 1300 қылмыскер жазасын өтеуде.  Адам көп болғандықтан түрмедегі  жағдай өте ауыр.