Төрт жылда коммуналды төлем бойынша 5 млрд теңгеге көмек көрсетілген – Үкімет
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері 31 мың отбасына коммуналдық төлемдер бойынша 630 млн теңгеге көмек көрсетілді. Бұл туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жаңа тарифтік саясат коммуналдық қызметтерге тарифті орта есеппен 20%-ға дейін арттыруды көздейді. Жалғыз баспанасы бар немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы пәтерде тұратын аз қамтылған азаматтарды қолдау мақсатында жергілікті бюджеттен коммуналдық қызметтерге жұмсалған шығыстарды өтеу үшін көмек көрсетіледі. Бұл көмекті тағайындаудың жалпы ережелері Үкімет деңгейінде айқындалады. Жергілікті мәслихаттар азаматтардың шекті жол берілетін шығыстар үлесін және тұрғын үй көмегін тағайындау тәртібін бекітеді», - деп түсіндірді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Соңғы 4 жылда әкімдіктер дерегінше, тұрғын үй көмегі жалпы 5 млрд теңгеге 174 мыңнан астам абонентке төленген.
Биылғы 6 айда 630,5 млн теңгеге 31 мың отбасына тұрғын үй көмегі көрсетілді.
«Аталған көмекті алушылар көлемін және өтемақы сомасын ұлғайту мақсатында қағидаларға 2022 жылдың желтоқсанында шекті жол берілетін шығыстар үлесін 10%-дан аспайтын мөлшерде шектеу сияқты өзгерістер енгізілді. Осы бағыттағы жұмыс жалғасады», - деді Марат Қарабаев.
Айта кетейік, биыл тұрғындар үшін тариф 10%-тен 30%-ке дейін өседі.
Коммуналдық төлемдер табысының 10%-нен асып кеткен тұрғындар мемлекет көмегін ала алады.
Сондай-ақ, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы қалай жүргізілетінін түсіндірген еді.