Төртінші мұнай өңдеу зауытын салғанша Шымкенттегі кәсіпорынды кеңейту тиімді – Болат Ақшолақов

«Жыл сайын жанармай тапшылығын жою үшін сырттан өнім тасымалдағанша, төртінші мұнай өңдеу зауытын неге салмасқа?»,- деп сұрады БАҚ өкілдері министрден орталық коммуникациялар қызметінде.
Болат Ақшолақовтың айтуынша, жаңа зауыт салу дәл қазір Қазақстанға тиімсіз.
«Төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі әрдайым өзекті. Жыл басында, алғашқы жартыжылдықта бұл мәселені қызу талқыладық. Қазір Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндіріс қуатын кеңейтуді «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірге егжей-тегжейлі талдап жатырмыз. Бұл туралы талай айттық та. Өйткені Шымкент зауытының қуаты кезінде 12 млн тоннаға дейін жетеді деп жоспарланған болатын», - дедіБолат Ақшолақов.
Айтуынша, аталған зауыттың аумағы да, жалпы зауыт шаруашылығы да осынша көлемге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
«Бірақ жанармай нарығында теңгерім сақтау маңызды екенін ескерсек, әрдайым экспортқа қажет артылған көлем болуы үшін 5-10 млн тонналық жаңа зауыт салуымызкерек. Ол үшін мұнай өнімін өткізу проблемасы туындайды. Жақын аумақтағы нарықта ондай көлемде өнім экспорттауға қажет сыйымдылық жоқ. Сондықтан төртінші зауыт салу дегенді біз Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытын кеңейту деп түсінеміз. Бірінші кезекте бұл зауыттың қуатын 2-3 млн тонна ұлғайту көзделіп отыр. Яғни, қазір қуаты 6 млн тонна болса, 9 млн тоннаға дейін көтеру жоспарланған. Ол үшін әріптестерімізбен келіссөз жүріп жатыр. Бұл - уақыттың еншісіндегі шаруа», -деді министр.
Фото: ortcom.kz