Төртінші деңгейлі бюджет бүкіл ауылдар үшін тиімді ме

ауыл
Фото: ҚР АШМ

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қазіргі уақытта төртінші деңгейлі бюджет халқы аз өңірлер үшін аса тиімді болмай тұрғаны байқалады. Мысал үшін Ертіс-Баян өңірінде бұл бюджеттің пайдасын бірнеше ауыл ғана көріп отыр.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Дәурен Жамбайбектің дерегінше, облыстағы ауылдық аумақтардың жергілікті кірісі негізгі бюджеттің 1-6 пайызын ғана құрап отыр.

дәурен жамбайбек
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Мұндай кіріс олар үшін жеткіліксіз әрі оны пайдалану тұрғысынан тіпті тиімсіз.

— Өңірде 126 ауылдық округ бар. Соның ішінде Екібастұз қаласына қарасты Солнечный кенті мен Төртқұдық ауылдық округінде ғана жергілікті алым-салықтан бюджеттің 67-80 пайызы жабылады. Себебі бұл жерлерде ірі кен орындары орналасқан. Өзге аумақтарда бұл үлес 1-ден 6 пайызға дейін, әрі кетсе 9 пайыздан аспайды. Біздің ұсынысымыз, ауылдық округтегі халық саны 2 мыңнан асқан жағдайда ғана төртінші деңгейлі бюджет қолданылуы керек. Ал одан аз болса, бұл бюджеттің ешбір тиімділігі жоқ, барлық бюджеттік түсімдер аудан арқылы жүргізілуі керек. Бұл ұсынысты біз Парламент пен Үкіметке жолдап отырмыз, -дейді ол.

Тағы бір мысал, 2024 жылы облыс бойынша төртінші деңгейлі бюджеттің жалпы жиыны 19,4 млрд теңгені құраса, соның небәрі 9 пайызы ғана жергілікті алым-салықтардан құралған.

Ал бюджеттің 27 пайызы — жергілікті әкімдіктердің аппаратын ұстап тұруға, 30 пайызы — жолдардың күтімі мен жөндеуге, 13 пайызы — «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруға, 22 пайызы — абаттандыру мен санитариялық іс-шараларға, көшелерді жарықтандыруға жұмсалады деп жоспарланған. 

Егер жоғарыдағы ұсыныс жүзеге асатын болса, төртінші деңгейлі бюджет Павлодар облысы бойынша халқы 2 мыңнан асатын 32 ауылдық округте ғана қолданылуы мүмкін.

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннің дерегінше, жергілікті жерлердегі салықтарды жинаудың қарқыны шамамен 128 пайызға өскен.

азамат әмрин
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Өңірлерде 2021 жылы 631 млрд теңге салық жиналса, былтыр бұл көрсеткіш 985 млрд теңгеге жетті. 

— Бұдан біз жергілікті әкімдердің салық көрсеткіштерін еселеуге мүдделі екенін байқап отырмыз. Яғни жергілікті қазынаға түсетін кіріс көп болған сайын, төртінші деңгейдегі бюджеттің қалтасы қампаяды. Сәйкесінше, жергілікті жерлерді дамытуға ақша көбейе түседі. Жаңа Бюджет кодексін талқылау кезінде Мәжіліс депутаттарының ұсынысы бойынша корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығы 100 пайыз аудандық деңгейдегі бюджетке түсу мәселесі жұмысқа алынды. Бірақ Ұлттық статистика бюросының дерегінше, еліміздегі еңбекақы төлеу қоры (ЕТҚ) 2022 жылы 31 трлн 556 млрд теңгені құраған. Оның 10 трлн 677 млрд теңгесі — бақыланбайтын экономика. Соның ішінде Павлодар облысы бойынша еңбекақы төлеу қоры аталған уақыт ішінде 1 трлн 249 млрд теңге болса, 482 млрд теңгесі бақыланбайтын экономикаға тиесілі. Шартты есептеулерге сүйенсек, бақыланбайтын экономикаға ЕТҚ-дан қосымша 70 млрд теңгеден астам қаражат түседі, оның 40 млрд теңгесі — жеке табыс салығы, 30 млрд-ы — әлеуметтік салықтар. Бақыланбайтын экономика көрсеткіштерінің төмендеуі бюджетті көбейтудің шешуші факторы екенін ескерсек, өңірлер экономиканың барлық саласында қадағалауды күшейте түсуі керек, -дейді вице-министр.

Парламент депутаттары мен Үкімет алдағы уақытта Өңірлердің бюджеттік дербестігін күшейтуге мән беріп отыр. Жаңа Бюджет кодексінің жобасында бұл бағыт ерекше қамтылады.

Дейтұрғанмен қазіргі төртінші деңгейлі бюджетке қатысты бірқатар мәселелер бар. Сондықтан депутаттар жоғарыда аталған ұсынысты назарға алады деген сенім зор.

Соңғы жаңалықтар