Төртінші жеңіс: «Барыс» сырт алаңда «Локомотивтен» басым түсті

Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Локомотив» (Ярославль) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды Kazinform.

Барыс
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Елордалық команда бұған дейінгі үш турда жақсы ойын өрнегімен көзге түсті. Қатарынан үш мәрте жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі жағдайын едәуір жақсартып алды. Содан да шығар сырт алаңдағы ойын алдында жанкүйер көңілінде жеңісті жолды төртінші рет жалғастыра ала ма деген сауал тұрды. 

«Локомотив» те осал қарсылас емес. Ресейлік клуб 44 ойыннан кейін 63 ұпаймен 2 орында келеді. Есесіне «Барыс» турнир кестесінде 45 ойыннан кейін 37 ұпаймен 19 орынға жайғасқан. 

Кездесу басынан ресейлік клуб бірден шабуылға көшті. Нәтижесінде олардың қатарынан Александр Полунин 7, Александр Елесин 9-минутта мергендік танытты. Ал елордалық командадан Энтони Камара 19-минутта есеп айырмасын қысқартты. Ол қатарынан жеті ойында шайба соғып, үздік ойынымен көзге түсті. 

Одан кейін Давид Скленичка 25-минутта таразы басын теңестірсе, ойынның 37-минутында Джозеф Лабейт «Барысты» есепте алға шығарды. 50-минутта «Локомотив» сапынан Александр Волковтың голынан кейін қайтадан таразы басы теңессе, Энтони Камара 55-минутта кездесу барысындағы өзінің екінші шайбасын соқты. 

Ресейлік клубтан Рушан Рафиков 58-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Осылайша негізгі кезең 4:4 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда жеңімпаз анықталған жоқ. Буллитте елордалық клубтың жолы болды. Нәтижесінде қазақстандық команда қарсыласын 5:4 есебімен жеңіп кетті. 

Бұл - елордалық клубтың қатарынан төртінші жеңісі. 

Енді «Барыс» алдағы ойынын 5 қаңтарда Ресейде «Трактор» (Челябі) командасына қарсы өткізеді.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» алдағы ойындарға қатысатын құрамын жариялаған болатын. 

Соңғы жаңалықтар