Төтенше жағдай: Қазақстанда қылмыс 25 пайызға азайды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев елдеіг төтенше жағдайларға байланысты енгізілген шектеу шараларының нәтижесі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Төтенше жағдай кезеңінде ішкі істер органдары қызметті ерекше тәртіппен атқарып жатыр. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге 25 мыңнан астам полицей мен Ұлттық ұланның 5 мың әскери қызметшісі жұмыс атқарады. 729 аса маңызды мемлекеттік және 235 стратегиялық объектілерді күзету күшейтілді», - деп хабарлады ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Оның айтуынша мемлекеттік комиссия мен әкімдіктердің шешімдеріне сәйкес аймақтарда 298 блок-бекет қойылған. Оларға 7 мыңнан астам полиция және Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері тартылған. Сонымен қатар, қалалар мен қала сыртындағы жолдарда 299 санитарлық бекет қойылған. Онда 2 мың полиция қызметкері дәрігерлермен медициналық-профилактикалық бақылауды жүзеге асырады.
«Елді мекендерде құқықтық тәртіпті сақтау қамтамасыз етілуде. Полиция мен Ұлттық ұлан жасақтарының саны мен тығыздығы артты. Көшелер, саябақтар, скверлер, тұрғын үй ауласы, сауда нысандары және банктер бақылануда. Профилактикалық жұмыстарға волонтерлер белсенді түрде тартылады. Рейдтерге арнайы униформамен жабдықталған және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген 1 мыңнан астам ерікті қатысады», - дейді ол.
Қабылданған шаралар нәтижесінде еліміз бойынша қылмыс 25 пайызға (елордада 34 пайыз, Алматыда 35 пайыз) төмендеді. Қарақшылық саны 45 пайыз, тонау 38 пайыз, ұрлық 40 пайыз, бұзақылық 32 пайыз қысқарды. Көшелерде жасалған қылмыс саны 24 пайыз ға, басқа да қоғамдық орындарда 22 пайыз ға азайған.
«Денсаулық сақтау органдарымен бірлесіп карантиндік іс-шараларды қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасуда. Елді мекендерде 220 карантиндік нысан күзетіледі. Ауру жұқтырған орындарды оқшаулау бойынша арнайы іс-шаралар жүргізілуде. 104 нысан, атап айтқанда үйлер, кіреберістер, жатақханалар, жеке тұрғын үйлер қоршалды. Ауру күдігі бар азаматтар іздестіріліп, медициналық мекемелерге жеткізілуде. Денсаулық сақтау органдарының сұраулары бойынша 5068 адам табылды», - дейді Ерлан Тұрғымбаев.