Төтенше жағдай вице-министрі Марат Күлдіков отставкаға өтініш берді

None
Фото: primeminister.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі вице-министр Марат Күлдіковтің қызметтен босату жөнінде өтініш бергенін растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Марат Күлдіковтің өз еркімен қызметінен босату туралы баянат жазғанын растаймыз. Қазіргі таңда оның лауазымнан босауын мақұлдау процедурасы жүріп жатыр», - делінген ведомствоның баспасөз қызметі ұсынған ресми мәліметте.

Еске сала кетейік, Абай облысындағы алапат өрт кезінде Мемлекет басшысы жедел штаб отырысын өткізген болатын.

Сол жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіковтің сөзін бөліп, министрлік жұмысына сын айтты.

«Мен қызметінен босатқан министр өзінің тікелей қызметтік міндетін орындауға неге мүлдем немқұрайлы қарады?! 14 адам қаза тапты. Сіз осыны түсінесіз бе? Мен олардың отбасыларымен кездестім. Бұл азаматтар өз отбасының перзенттері, отағасы болатын. Бір отбасында екі жасар бала жетім қалды. Адамдардың артында несиелері қалды. Олар отбасының жалғыз асыраушысы еді. Өрт бүкіл әлемде болады, бірақ ол жақта тиісті шаралар қабылданады. Министр келмеді, облыс әкімі тым баяу қозғалды, орынбасарларын жіберді. Жұмысқа деген осындай қарым-қатынас бола ма?! Осы жөнінде есеп беріңіз! Нақты сұрақ – неге қате болжам жасалды?» - деп сұрады Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар