Төтенше жағдайлар саласында істейтін ерлі-зайыпты отбасылық бақыт құпиясымен бөлісті

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінде істейтін ерлі-зайыпты Наталья мен Константин Крицкий отбасы бақытының сырымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төтенше жағдайлар саласында істейтін ерлі-зайыпты отбасылық бақыт құпиясымен бөлісті

Константин өрт сөндірудегі кезекші қызметтің жедел кезекшісі болып жұмыс істейді. Дәл осы қызмет «101» телефон нөмірінің жұмысын бақылайды және қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Ал Наталья № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде радиотелефоншы болып жұмыс істейді.


Ерлі-зайыпты күрделі құрылымда қызмет ете отырып, шаңырақты шайқалтпай, сақтап қалудың жолдарын айтып, сырларымен бөлісті. Олардың отасқанына – 13 жыл және алғашқы күнгідей бір-біріне құрметпен және сүйіспеншілікпен қарайды.

«Біздің жұмыс істейтін салада отбасын құрып жататын жұптар өте көп. Олардың сүйіспеншілігі шабыттандырады, сондай-ақ біздің күрделі де қиын кәсібіміздің бойымыздағы нәзіктікті сақтауға, сүюге және отбасылық қарым-қатынасты құруға кедергі келтірмейтінін көрсетеді», - деп бөліседі Наталья.


Соңғы кездері ажырасулар көбейіп кеткені жасырын емес. Көбіне жас жұбайлар отбасы бақытының құндылықтарын түсіне бермейді. Ал Константин мен Натальяның отбасы шынайы отбасылық қарым-қатынастың үлгісі.

«Біздің мамандығымыз әрқашан қатерге дайын болуды қажет етеді. Бұл біздің үйреншікті өмір салтымыз. Біздің бір қызметте жұмыс істейтініміз ыңғайлы және ешқандай сұрақтар туындамайды. Күйеуім екеуміз үй шаруасын тең бөлісеміз. Әркез бір-бірімізге қолдау көрсетіп келеміз және бұл берік, ұзақ қарым-қатынастың кілті», - деді Наталья.