Төтенше жағдайлар саласында кадр аса тапшы емес

АСТАНА. ҚазАқпарат – Төтенше жағдайлар саласындағы кадр тапшылығы – 10 пайыз. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде болған брифингіде Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Қазіргі таңда көп вакантты орындар жоқ. 10 пайызға да жетпейді. Бүгінгі күні көп тапшылық жоқ. Сонымен қатар, бізге 18 жасқа толған, орта мектеп бітірген азаматтар жұмысқа тұруына болады. Басында олар арнайы дайындықтан өтеді. Әр облыста біздің азаматтық қорғау академиясының бөлімдері ашылған. Сол филиалдарда дайындықтан өтіп, жұмысқа кіріседі», - деп мәлім етті Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі.

Брифинг барысында Ибрагим Күлшімбаев қазіргі уақытта Төтенше жағдайлар министрлігінде 28 мыңнан аса қызметкер еңбек ететінін атап өтті.

«Бүгінгі күнде Төтенше жағдайлар министрлігінде 28 мыңнан артық қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде ең көбі – өрт сөндірушілер. Олардың саны 21 мыңнан асады. Қалғандары әскери қызметкерлер, азаматтық қорғау саласы мамандары мен дәрігерлер», - деп тоқталды Ибрагим Күлшімбаев.

Қоса кетсек, бұған дейін Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі құтқарушылар алатын ең төменгі жалақы мөлшерін жариялаған болатын.


Соңғы жаңалықтар