Той үшін қарызға батудың қажеті жоқ — Нұрлан Байжігітұлы

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақ қоғамында той жасау дәстүрі ежелден қалыптасқан. Алайда соңғы уақытта тойды өзгеден асып түсу, елге көрсету мақсатында өткізу және осы үшін қарызға кіру мәселесі жиі талқыланып жүр. Бұл туралы имам Нұрлан Байжігітұлы «BIZDIN ORTA» подкастында айтты.

Той үшін қарызға батудың қажеті жоқ — Нұрлан Байжігітұлы
Видеодан алынған скрин

Имам қазақтың болмысында бәсекелестік пен өзгеден асып түсуге деген ұмтылыс бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл қасиет Абайдың шығармаларында да сыналған.

— Жалпы, той — қазақтың болмысында өткені бар дәстүр. Алайда бір-бірімізден асып түсуге деген бәсекелестік те сөзсіз бар. Кешегі ұлы дана Абай атамыз бес жаман қасиетке теңеп кеткен өсек, өтірік, мақтаншақтық соның ішіндегі мақтаншақтығымыз, алдымызға жан салғымыз келмейтіндігі әр қашан көзге көрініп тұрады, — деді Нұрлан Байжігітұлы.

Той үшін қарызға батудың қажеті жоқ — Нұрлан Байжігітұлы
Видеодан алынған кадр

Оның сөзінше, қоғамда мақтанудың да пайдалы тұстары бар. Алайда адамның жетістігі білім, ғылым және спорт сияқты салалардағы нәтижесімен өлшенгені жөн.

— Негізінде, кейбір мәселелерде мақтанғанымыз жақсы ғылыммен, балаларымыздың озат жетістігімен, ғылымдағы дәрежемізбен, білімдегі озаттығымызбен, спорт деңгейінде әлемді бағындырумен мақтансақ болады. Бірақ бүгін мақтап, ертең ұмтылып қалатын, немесе жай ғана бүгін мақтансақ, ертең бетімізге басылатын дүниелерге еліктеп жүгіріп жүрген жағдайымыз бар, — деді имам.

Нұрлан Байжігітұлы тойдың қазақ дәстүріндегі орнын жоққа шығаруға болмайтынын айтты.

— Шын мәнінде, той болу керек шығар. Тойдың орны бар, тойдың қуаныш екендігі белгілі. Пайғамбарымыз Мұхаммед с. а. у. үйленгенде той бергені белгілі, жалпы қазаққа бұл жат дүние емес. Алайда тым ысырапшылдыққа беріліп, кейде біреуден асып түсуге тырысу — бізде тойдың өзі, шын мәнінде, мақтаныш, яғни өзінің бір шыңға жеткенін көрсету ғана болып қалды. Ең қиыны — қарызға батып той беріп, сол адамдардың бүгін мақтауын алып, ертең даттауына қалмауды ойлайтын адам жоқтың қасы, тек «ертең не болса да, бүгін атым шықса екен» деген мәселе ғана алдыңғы орында тұр — деді ол.

Нұрлан Байжігітұлының айтуынша, той жасау үшін қарызға кіру мәселесіне тоқталып, мұндай жағдайда адамның ниеті маңызды екенін айтты. Оның сөзінше, дәстүрді жалғастырудың өз жөні бар, алайда елге көрсету, мақтану немесе өзгеден асып түсу үшін қарызға батудың қажеті жоқ. Қарыз алуға мәжбүр болған адам оны өтеуге нақты ниет етіп, жауапкершілікпен қарауы керек. Ал қарызды «кейін көрерміз» деген ниетпен алу адамды бір қарыздан екіншісіне жетелеуі мүмкін. Сондықтан тойдың мақсаты өзгенің мақтауына ие болу емес, қуанышты шамасына қарай атап өту болуы тиіс.

Бұған дейін қоғамда тойшылдықтың маңызы қандай екенін жазғанбыз.