Тойлы Құрбанов: Қазақстандық волонтерлер БҰҰ құрылымында жұмыс істеп жүр

«Бүгін Қазақстанда Волонтерлер жылы қорытындыланып жатыр. Мемлекет басшысының бастамасымен, барлығыңыздың орасан зор еңбегіңіздің арқасында Қазақстанда волонтерлар жұмысының тынысы ашыла түсті. Қазақстандағы волонтерлердің таңғаларлық нәтижелері өздігінен бола салған жоқ. Шынында да, 2020 жылға қарай елімізде еріктілікті дамытудың берік негізі дайындалды: арнайы заң қабылданды, республикалық және аймақтық деңгейде еріктілерді дамытуға көңіл бөлінді, онлайн-платформалар іске қосылды», - дейді Тойлы Құрбанов.
Ол БҰҰ Еріктілер бағдарламасы 1993 жылдан бері орнаған ынтымақтастықты бағалайтынын атап өтті.
«Біз сіздермен заң жобасы бойынша да, жол картасы бойынша да бірге жұмыс істедік. Осы жылы мақсатты түрде Қазақстаннан волонтерлер Азия, Африка және Таяу Шығыстағы БҰҰ құрылымдарына жіберілді. Біз бүгінгі форумды тек Қазақстандағы еріктілер жылына арналған эпилогтың бір түрі санамаймыз. Сонымен қатар болашақта Қазақстандағы ұлттық және халықаралық волонтерлікті одан да сенімді әрі прогрессивті дамытудың прологы ретінде қарастырамыз», - деп атап өтті ол.
Тойли Құрбанов БҰҰ Еріктілер бағдарламасы аясында бірлескен жұмыс жалғасын табатынын айтып өтті.
Айта кетерлігі, БҰҰ Еріктілер бағдарламасы аясында қазақстандық 7 волонтер Иордания, Кения, Таиланд және Түркияда жұмыс істеп жүр.