17:52, 15 Мамыр 2009 | GMT +5
«Тойота Цусе Корпорейшн» компаниясы Қазақстанда газ электр стансылары кешені мен тыңайтқыштар өндірісін жолға қояды
АЛМАТЫ. Мамырдың 15-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ -Жапониялық «Тойота Цусе Корпорейшн» компаниясы Қазақстанда мұнайхимиясы, энергетика мен инфрақұрылымдарды дамыту, сауда саласы бойынша іскерлік байланысты дамытпақ.

Бұл туралы бүгін Алматыда «Қазақстандағы Toyotsu-2009» көрмесінің ашылуына арналған баспасөз мәслихатында «Тойота Цусе Корпорейшн» компаниясының президенті Джундзо Шимидзу мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Джундзо Шимидзудің айтуынша, «Тойота Цусе Корпорейшн» Қазақстанды даму мүмкіндігі мол, энергетикалық және минералдық қоры бай ел ретінде санайды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылдың маусым айындағы Жапонияға ресми сапары барысында екі ел арасындағы байланыс нығайып, жандана түскен.«Осы сапар аясында Қазақстандағы жұмыс ауқымы да арта түсті», - дейді жапониялық компания басшысы. Оның сөзіне қарағанда, «Тойота Цусе Корпорейшн» мен «Самұрық Қазына» ҰӘҚ арасында Қазақстанның батыс бөлігінде газ электр стансылары кешені құрылысы мен тыңайтқыштар өндірісі бағытындағы серіктестік туралы меморандумға қол қойылған. Сондай-ақ «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығымен де шекаралық еркін экономикалық аймаққа кәсіпорындар тарту бойынша меморандум жасалған.«Осы меморандумға сәйкес жұмысты жандандыруды көздейміз. Қазіргі кезде жоспарлау жұмыстары жүргізілуде. Былтырғы жылы Қазақстаннан тұңғыш рет құны 4 миллион долларлық 4 мың тонна арпа экспортталды. Биыл осы бағытты жалғастыруды, сондай-ақ Қазақстанда темір өңдейтін зауыт салуды көздеп отырмыз», - дейді Джундзо Шимидзу.