Toyota мен Waymo 2027 жылы Жапонияда жүргізушісіз такси қызметін іске қоспақ

АСТАНА. KAZINFORM — Toyota Motor мен америкалық Waymo компаниясы 2027 жылы Жапонияда жүргізушісіз таксилерді сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. Жоба аясында Toyota bZ4X электромобильдері пайдаланылады. Сынақ аяқталғаннан кейін серіктестер қызметті коммерциялық негізде іске қосуды көздейді, деп жазады Kyodo.

Toyota мен Waymo 2027 жылы Жапонияда жүргізушісіз такси қызметін іске қоспақ
Фото: Kyodo

Компаниялар ынтымақтастық жөніндегі жоспарын 30 қазанда жариялады. Олардың мәліметінше, көліктер Waymo әзірлеген автономды басқару технологияларымен жабдықталады. Айти префектурасының Тойота қаласындағы Toyota зауыты автомобильдерді құрастырудан бастап, жүргізушісіз басқару жүйесін орнатуға дейінгі барлық өндірістік жұмысты атқарады.

Алғашқы кезеңде серіктестер толық автономды такси қызметінің жұмысын сынамақ. Әзірге компаниялар сынақ қай өңірлерде өтетінін және оған қанша көлік қатысатынын жариялаған жоқ.

Waymo бұған дейін қызмет көрсетіп келген елдердегі жұмыс ауқымын да біртіндеп кеңейтуді жоспарлап отыр. Олардың қатарында Ұлыбритания бар.

Toyota мен Waymo арасындағы ынтымақтастық 2025 жылғы сәуірде басталған. Компаниялар автономды көлік басқару технологияларын дамытуды жеделдетіп, оларды көлік саласында кеңінен қолдануды көздейді. Атап айтқанда, серіктестік такси қызметімен шектелмей, коммерциялық жүк және жолаушы тасымалы бағыттарын да қамтуы мүмкін.

Бұл туралы Toyota компаниясының атқарушы вице-президенті Хироки Накадзима мәлімдеді. Оның айтуынша, серіктестік көлік нарығының басқа да сегменттерінде жұмыс істеуге мүмкіндік ашады.

Сондай-ақ компаниялар автономды басқарудың төртінші деңгейіне жататын автомобильдерді дамытуға мүдделі. Мұндай көліктер белгілі бір жағдайларда және арнайы белгіленген жол учаскелерінде жүргізушісіз қозғала алады.

Бұған дейін Toyota Motor Corp. компаниясы Joby Aviation Inc. стартапымен Joby әзірлеген электрлі ұшақтарды шығару үшін бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойғанын жариялаған болатын.