Тозығы жеткен дәстүр тұсау емес пе? - баспасөзге шолу

***
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Тозығы жеткен дәстүр тұсау емес пе?» деген тақырыппен мақала шықты. Басылымның жазуынша, бір кезде «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген тақырыпта мақалалар баспа беттерінде жарық көріп тұратын. Озығы бар деген ұғымға қоғам дамуына кедергі келтірмейтін кейбір әдет-ғұрыптар жататын. Мәселен, үлкен кісіге ізет көрсетіп, сәлем беру, сөзін бөлмеу, өтірік, мақтаншақтықты қолдамау, отбасына берекелі болу, араласып жүргендермен дұрыс қарым-қатынас жасау, т.б. Сонымен қатар, әдет-ғұрыптар ішінде күні өткен, кертартпалық рөл атқаратындары да бар. Бір замандарда қазақ арасында қыз алып, үйлену үшін «қалың мал» төлеу тәртібі болған. Соның нәтижесінде байлығы мол адамдар екі-үш әйелдің үстіне таңдап, жас қызға үйлену кәдесі орын алған. Әрине, бұл қызға зорлық, сұмдық еді. Осыған орай «қыз алып қашу» кәдесі пайда болды. Баста оның себебі былай болатын. Екі жас бірін бірі ұнатады, бірақ «қалың мал» төлеуге шамасы жоқ. Содан, кейде, қыз бен жігіт келісіп, барар жері, басар тауы белгісіз болса да, елден қашатын. Арты үлкен дауға айналатын болса да. Бірақ, кейін бұл бастама қызды зорлықпен, еріксіз алып қашатын жаман әдетке айналды. Сондықтан емес пе, 1917 жылды қазақ жерінде пайда болған «Алаш» партиясы әйел теңдігіне байланысты «қалың малға», «қыз алып қашуға» алғаш тыйым салды. Бұл әдетті ұстағандарды кеңес қоғамында да заңмен жазалайтын. Бірақ, егемендігін алған Қазақстанда алғашқы кездерде бұл әдетті жаңғыртуға тырысқан фактілер байқалды, кейін ұмытыла бастады.
Сондай ұмытылған әдеттердің бірі - қыздардың күйеуге шыққанға дейін басына қызыл орамал, күйеуге шыққан күннен бастап ақ жаулық тартатыны. Ол әдет те ұмытылды. Бірақ, дағды бойынша күні өткен кейбір әдеттердің бой көрсетіп жүргендері де бар. Енді соларға тоқтар алдында айтарымыз: «Дәстүр деген не?» Егер бір нәрсе қайталай берсе, халық оған дағдыланса, ол салтқа айналады. Дәстүр дегеніміз міне сол, үйреншікті әдет. Қоғамымызда тозығы жеткен қазақ дәстүрлерінің бірі бейтаныс адаммен кездескенде «руын» сұрайтыны. Әрине, мұнда тұрған ешнәрсе жоқ. Кәде. Кеңес жылдарында бұл да ұмытылды. Бірақ, қазір бұл кәде жастар арасында қайта жаңғыруда. Әсіресе, бұл ескі әдеттің Қазақстанның оңтүстік облыстарының кейбір мектептерінде байқалуы. Әрине, рушылдықтың да тарихы бар. Ол атам заманға кетеді. Бірігіп өмір сүру - табиғат талабы. Құстар, жануарлар, шіркейлер, балықтар топ болып өмір сүреді. Алғашқы қауымға дейін адамдар да отбасы, жақын туыстармен бірігіп өмір сүрген, топ болып аң аулауға шыққан. Кейін келе өскен, ұлғайған туыстық қатынастардан «ру» құрылымы пайда болған. Оған себеп болған өндіруші күштердің ең төмендігі. Рулық тұрмыс алғашқы қауымнан бұрын дүниеге келген. Қолға жабайы аңдарды үйреткен кездерден алғашқы қауым ыдырап, көшпелі тұрмыс пайда болғаннан бастап, ұлыс, тайпа, халық болып, тіршілік еткен. Кей жағдайларда сол тайпа белгілі басым рудың атымен де аталған. Ұлт болып өмір сүру тауарлы-ақша қатынасы дамыған капитализм заманына жатады. Ендеше, рулық құрылым тек санада сақталып, дәстүрге айналғаны болмаса, өмір шындығына еш қатынасы жоқ, санадағы алғашқы қауым сарқыншақ жұрнағы. Оны әлемдік ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Ал енді қазақта жеті атаға дейін (шамасы 150 жыл) қыз алыспайтын жақын деген ұғымның мәнісі, тіпті, басқа. Бұл тұқым тазалығы, генетикаға байланысты, көшпелі ауыр тұрмыс дәлелдеген өмірлік, тірлік талабы. Бұл мақала авторы - Ұлттық ғылым академиясының академигі Досмұхамед Кішібеков.
Еліміз қоғамдық дамудың жаңа белесіне көтерілді. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келіссөздерді табысты аяқтады. Мұны Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Үндеуінен оқып, көңіліміз марқайып қалды, дейді «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санындағы Қазақстанның ДСҰ-ға енуіне арналған бетте пікірін білдірген дәрігер эпидемиолог Нұрия Қалешова.
Бұл жай айтыла салатын мәселе емес екенін оған 19 жыл дайындалғанымыздан да аңғаруға болады. Елбасы ДСҰ-на мүше болудың үлкен жауапкершілік жүктейтінін, оның қиындықтары болуы да мүмкін екенін осы жылдарда ұдайы ескертіп келеді. Соған алдын ала дайын болу үшін қолдан келген жағдайларды туғызды да. Кәсіпкерліктің кең құлаш жайып дамуы үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылдап, бәсекелестікке қабілетті өнім өндіруге алғышарт жасады. Көптеген дайындықтар да жасалды. Қазірдің өзінде сауда-саттығымыздың 90 пайызы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдердің үлесіне тиеді екен. Мұны күнделікті өмірімізде де айқын сезініп отырмыз. Дүкендер мен базарлардағы сауда сөрелерінен қазір іздегеніңді табасың. Арзан да сапалы өнімдер мен тауарларды тұтыну тұтынушыға да тиімді, - дейді ол.
Таңдау бар, ұнатқаныңды сатып аласың. Оның екінші жағы, тағы да сол өз тауарларымыздың сапалы болуына тәуелді. Қайткенде де, әлемдік дамудың қарқынына ілесуіміз керек. Бұл бізге дамыған 30 елдің қатарына енуіміз үшін де керек. Осы бағдарламаны жүзеге асыра отырып, тауарлар мен өнімдеріміздің сапасын уақыт оздырмай әлемдік стандарттарға сай етуді қолға алуымыз қажет. Бәсекелестік жүрген жерде баға мен сапа ғана ұтыс шығарары сөзсіз. Шыны керек, бұл бағытта отандық тауар өндірушілер мен кәсіпкерлеріміздің әлде де ширақ қимылдауларына тура келеді. Отандық өнімдерді өркениетті елдердегідей өңдеп, орап, мәдениетті ұсыну және жарнамалау да ұмытылмауы тиіс. Мен қарапайым тұтынушы көзімен қарасам, бізге неғұрлым арзан, анағұрлым сапалы тауарлар мен өнімдер, қызметтер керек. Сондықтан ДСҰ-ға кірудің өзіндік ауыртпалықтары бар екенін де естен шығармаған жөн. Ең бастысы, бәсекеге қабілетті тауарлар мен өнімдер өндіру, сапалы қызмет көрсету кәсіпкерлеріміз бен кәсіпорындарымыздың күнделікті өмір дағдысына айналуы тиіс. Сондай-ақ, отандық өнімді тұтынуға деген көзқарасты қалыптастыру да қажет. Біз ДСҰ-ның өзімізге пайдалы қағидаттарын тиімді пайдалануымыз керек. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу өркениет көшіне ілесудің нақты көрінісі деу орынды. Ал біздің ел көшке ілесу емес, озық елдердің алдыңғы легінен көрінуге бағыт ұстауда. Олай болса, бұл бізге өте-мөте қажет үрдіс, - дейді маман. ***
Соңғы бес жылда балаларға зорлық-зомбылық көрсету бойынша тіркелген құқық бұзушылықтардың саны екі есеге өскен, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Балаларды қорлауды қалай тоқтатамыз?» атты мақаласында.
Жақында Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалығымен заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтіп, онда соңғы уақытта жыныстық зорлық-зомбылық көрсету деректерінің, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың жиілеп кетуі жан-жақты сөз болды. Бас прокуратура деректеріне қарағанда, әсіресе, сәбилерге жасалатын ауыр қиянат айрықша алаңдаушылық тудыруда. 2014 жылы 943 сәби түрлі қаныпезерлердің құрбанына айналған. Маусымның басынан бері кәмелетке толмағандарға жыныстық қысым көрсетудің 16 дерегі тіркелген. Ерекше айтылған мәселе - педофилдерді кастрациялау. Бұл орайда дәрігер-психолог Любовь Гибатулина былай дейді: «Нағыз педофилдік - ауру. Науқастың балаларға қатысты нәпсіқұмарлық қиялдары болады. Осы құмарлығын осы жерде және қазір орындай алмайтыны оны қатты мазасыздандырады. Сырт қарағанда бұл қарапайым адам, сондықтан да баланы айтпағанда, ересек адам да оның педофил екенін аңғара алмайды. Сонымен қатар криминалдық жаңалықтардан күнде естіп жатқандай, қылмыскерлердің көпшілігі арақ ішіп немесе басқа да масайтатын заттарды қолданып, мас күйінде арсыз әрекеттерге баратындар. Бұлар жай ғана бұзылған адамдар. Медициналық тұрғыдан қарағанда бұлардың барлығы педофил емес. Олар тек мас болып, өздерін өздері ұстай алмайтын жағдайда ғана сондай болады.
Педофилдер лайт және хард-педофилдер болып екіге бөлінеді. Біріншілерден көп қауіп жоқ. Бұлар - психологиялық проблемалары бар, қорланған адамдар. Олар ешқашан өз қиялдарын жүзеге асырмайды. Ең қауіптілері - хард-педофилдер. Олар өздерінің не қалайтындарын жақсы біледі, барлығын мұқият ойластырып, көбіне топпен басқа қалаларда жұмыс жасайды. Жалпы, үлкен кісілерді қатты сыйлайтын, оны беделге санайтын, үлкеннің айтқанын бұлжытпай тыңдайтын, қадір тұтқаннан «жоқ!» деп айта алмайтын балалар көбіне педофилдердің құрбаны болады. Қылмыскерлердің қолданатын айлалары шаш етектен: шоколад, кәмпит беруден жоғалған мысығын табуға көмектесу сияқты өтініштер. Ата-аналар балаларының қайда, кіммен қыдырып жүргенін білуі керек және қараусыз қалдырмауы тиіс. Қандай жағдай болса да, танымайтын адаммен сөйлесуге болмайтынын, ол атыңды атап тұрса да, жақындамау керектігін жете түсіндіру қажет».
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің басшылығымен «Нұр Отан» партиясы делегациясы «Единая Россия» партиясы басшылығының шақыруымен Ресейге сапарлатты, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Ресей сапары екіжақты келісімге бастады» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, екі жақты кездесу барысында Елбасының 5 институттық реформасы мен «100 нақты қадам» бағдарламасы сараланып, екі билеуші партияның арасындағы өзара іс-қимыл мен әріптестік туралы келісімге қол қойылды.
Сапар шеңберінде «Нұр Отан» партиясының делегациясы «Единая Россия» Бас кеңесінің хатшысы, РФ ФЖ Мемлекеттік Думасы төрағасының орынбасары Сергей Неверовпен жүздесті.
Кездесу барысында Бауыржан Байбек «Нұр Отан» мен «Единая Россия» партияларының билеуші болып табылатынын және өз елдеріндегі заңнамалық органдарда көпшілік дауысқа ие екенін атап өтті. Яғни, партияларды «Нұр Отан» доктринасындағы, сондай-ақ «Единая Россия» ресми тұғырнамасында белгіленген орталықшылдық идеологиясы мен ортақ консервативтік құндылықтар біріктіреді.
***
Өскеменде полицейлер балалардан құралған есірткі сатушыларды ұстады, деп жазады «Время» газеті « Молодо и зелено» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, есірткі картелінде қызмет еткендердің барлығы желкілдеген жасөспірімдер болып шыққан. Тіпті олардың екеуі жуырда ғана 16-ға толыпты. Олар есірткіні тура колледждегі сабақ кезінде сата берген.
Құқыққорғау органдарының мәліметі бойынша есірткі саудасына бес бала қатысты болып шыққан, олардың барлығы жергілікті колледжде оқиды.
«Жасөспірімдер сататын есірткілерін сабаққа алып келіп отырған. Сатып алушылар есірткі алу үшін сол колледжге барған, ал бұлар сабақтан сұранып шығып, оларға сатып отырған», - дейді ШҚО ІІД есірткімен күрес басқармасының бастығы Едеш Рахымжанов.