Трактор мен комбайнды 6 пайызбен алуға болады: өтінім қабылдау қайта басталды

АСТАНА. KAZINFORM — «ҚазАгроҚаржы» АҚ ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікпен лизингке алу бойынша «Өз жем-шөбіміз», «6% жеңілдетілген лизинг» және «Қазақстанда жасалған» бағдарламаларына өтінім қабылдауды қайта бастады, деп хабарлайды АШМ баспасөз қызметі.

дороги
Фото: Әділ Нұртазин /Kazinform

«Өз жем-шөбіміз» бағдарламасы

Бағдарлама мал шаруашылығын жем-шөп базасымен қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығы жануарларының өнімділігін арттыруға және мал шаруашылығы өнімінің көлемін ұлғайтуға бағытталған. Бағдарлама бойынша қазақстандық және шетелдік өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасын, жем-шөп дайындау техникасын және жылжымалы суару жүйелерін сатып алуға болады.

Сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6%, лизинг мерзімі 10 жылға дейін, алғашқы жарна кемінде 15%.

Бағдарлама биологиялық активтерді өсірумен, күтіп-бағумен немесе бордақылаумен айналысатын, жер учаскелерінің құрылымында жайылымдары және (немесе) шабындықтары бар және жем өндіруді немесе дайындауды құжатпен растай алатын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне арналған. Лизингалушы үшін қарсы міндеттеме белгіленген: қаржыландыру алынған қаржы жылынан кейінгі екі жыл ішінде еңбекақы қорын және салықтық түсімдерді 10%-ға арттыру.

«Жеңілдікті лизинг 6%»

Бағдарлама отандық өндірістегі және құрастырудағы өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдікті жағдайда қаржылық лизингке беруді көздейді. Фермерлер техниканы алғашқы жарнасыз, 10 жылға дейінгі мерзімге, жылдық 6% мөлшерлемемен сатып ала алады.

«Қазақстанда жасалған»

Бұл бағдарлама бойынша аграршылар ілмелі, тіркемелі және өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы және балық өнімдерін, биологиялық активтерді тасымалдауға арналған көлік құралдарын сатып ала алады. Бағдарлама шарты: техника отандық өндірісте жасалған немесе құрастырылған болуы тиіс. Мөлшерлеме жылдық 6%, мерзімі 10 жылға дейін, алғашқы жарна лизинг нысаны құнының кемінде 15%-ы.

Осыған дейін депутат ауыл шаруашылығы техникаларының бағасын төмендету мәселесін көтергенін жазғанбыз.